Жыл сайын 7 мамыр – Қазақстан Республикасы үшін ерекше маңызға ие мерекелердің бірі. Бұл күн – Отан қорғаушылар күні әрі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні ретінде ел тарихында айрықша орын алады.
Бұл мереке – ел тыныштығын күзетіп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ұстап тұрған сарбаздар мен офицерлерге, әскери қызметкерлерге және барша ер азаматтарға көрсетілетін құрметтің жарқын көрінісі.
Жәйрем кентінде де осы айтулы күнге орай ұйымдастырылған «Елім деп соқсын жүрегің» атты салтанатты жиын мен мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Іс-шара Жәйрем кенті әкімі аппаратының қолдауымен және мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Мерекелік кеш барысында сахна мерекеге сай сән-салтанатымен безендіріліп, тақырыптық бейнеслайдтар көрсетілді. Кештің шымылдығы ашылған сәттен-ақ көрермендердің жүрегіне патриоттық рух ұялатқан ерекше атмосфера орнады.
Жүргізушілердің жүрекжарды сөздері мен шынайы лебіздері мерекенің мән-маңызын терең аша түсті.
Жиын барысында Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов құттықтау сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Осы мерекелік сәтте Отан қорғау жолында әр кезеңде еңбек еткен ардагерлер мен батырлар ерекше құрметпен аталып, тиісті марапаттарын алды.
Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен тыл ардагері Сәбила Даукараева сияқты жандардың еңбегі — тарихтың ұмытылмас парағы.
Сонымен қатар, интернационалист-жауынгерлер Бексейіт Алшымбаев, Нұржан Кәрібаев, Қолғанат Сасоев, Төлеуғазы Нұрсафин ел алдындағы әскери борыштарын абыроймен атқарып, бейбітшілікті қорғау жолында ерлік көрсеткен азаматтар ретінде аталып өтті.
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысып, адамзат қауіпсіздігі үшін тәуекелге бел буған ерлердің еңбегі де ерекше атап өтілді. Осындай ерлік иелерінің бірі — Берген Құлжанов.
Сондай-ақ, тәжік-ауған шекарасындағы қимылдар мен қақтығыстарға қатысып, ел тыныштығын қорғауға үлес қосқан азаматтар – Игорь Ващенко, Мұратбек Жалғожин, Ардақ Жанайдаров, Бауыржан Қасымов, Қайырбек Құлбаев, Ержан Мақашев, Жақсылық Мақажанов – қайсарлық пен батырлықтың үлгісі ретінде құрметке ие болды.
Концерттік бағдарлама патриоттық әндер мен ұлттық өнер туындыларымен жалғасты. «Гүлдер» хореографиялық ансамблінің «Рухты арулар» биі көрермендерге ерекше әсер сыйлап, олардың рухын көтерсе, Бағлан Болатованың орындауындағы «Жеңіс күні» әні өткеннің қаһармандық рухын терең сезіндірді.
Ал «Домбыра дастан» ұжымының орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйі ұлттық рухты асқақтатты.
Бұл кеш — тек концерт қана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған маңызды рухани шара болды. Аға буын мен жас ұрпақтың Отан алдындағы еңбегін дәріптеу, олардың ерлігін үлгі ету — мұндай іс-шаралардың басты мақсаты.
Отан қорғаушылар күні – әрбір азамат үшін парыз бен жауапкершіліктің символы. Себебі, ел тәуелсіздігі мен тыныштығын қорғау – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батырлардың ерлігі мен бүгінгі әскери қызметкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі.
Сондықтан да, бұл күні ел қорғаны болған азаматтарға құрмет көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз.
Жәйрем жұртшылығы бұл мерекені лайықты деңгейде атап өтіп, ел қорғаған ерлерге тағзым етті.
Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Отан қорғаушылардың абыройы арта берсін!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
