Қош келдің, Ұлыстың ұлы күні!

Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – әз Наурыз мейрамы қазыналы өңірде қызыққа толы шаралармен басталды. Қаламыздағы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде, ұжымдарда Наурыз мейрамының сәні мен мәнін ашатын түрлі айшықты шаралар өтуде…

Сол шаралардың шымылдығы қаламызда өткен Амал мерекесімен түрілді. Қала жұртшылығы бір-бірімен қауышып, «мал-жан аманбасын» айтып, мәре-сәре болысты.

Жалпы, қала бойынша өткен айшықты шаралардың ауқымы кең болды. Әлеуметтік желілер арқылы бірін-бірі құттықтаған ел де аз емес. Ақсақалды, аузы дуалы қарттарымыз осы әлеуметтік желілер арқылы «Наурыз баталарын» жолдап, жерлестеріне ыстық ықылас, лебіздерін де білдіріп жатты.

Күн мен түннің теңеліп, Жер-Ананың бусанатын шағында өңірде санитарлық-тазалық жұмыстарын да өткізу жоспарланған. Кешегі бабалардың «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Бір тал кессең – он тал ек» деген қағидаларын ұстанған қаражалдықтар мерекелік шаралар аясында экологиялық сенбіліктер өткізуге де біркісідей жұмылған.

Осылайша, айналаны тазалап, қала көшелерінің сәнін келтірген соң мұнда Наурыз думанына арналған түрлі бағдарламалар да өткізуге ел құлшынулы. Мәселен, қалалық орталық кітапханада өтетін балаларға арналған «Атажұрт» этнографиялық ойыны,  қаланың орталық алаңында өтетін «Кең болсын қазағымның керегесі, құтты болсын Наурыз мерекесі!» атты концерттік бағдарлама, мәдени-сауық орталығының алаңында өтетін «Алтыбақан аясында» атты ойын-сауық сағаты, жас жеткіншектер арасында өтетін «Ақсүйек» интеллектуалды квест ойындары осының айқын айғағы.

Бұлардың бәрі 21 наурыз күні өтеді деп жоспарлануда. Әз Наурыз мерекесінің думанына орай бұл күні орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ошаққа қасиетті қара қазандар қойылады. Киіз үй маңында ақ самаурындар қайнап, той тамашасын көруге келген қалалықтар мен қала қонақтарына наурыз-көже таратылады. Киіз үйлерде мерекелік дастархан жайылып, табақ-табақ ет тартылатын болады.

Әрине, мереке күні ән мен күйден шашу шашылып, ұлттық спорт ойындары да ойналады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріліп, ел құрметіне бөленеді.

Келіңіздер! Көріңіздер!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.