Оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту

Қазіргі білім беру жүйесінің негізгі мақсаттарының бірі – білімді, бәсекеге қабілетті, функционалдық сауатты, алған білімін шынайы өмірде өзін-өзі жүзеге асыруға қолдана білетін тұлғаны тәрбиелеу. Математикалық сауаттылық функционалдық сауаттылықтың бір тармағы болып табылады. Сауаттылық қызметі – алған білім, білік, дағдысын күнделікті іс-әрекетте пайдалану біліктілігі.

20481863 – seamless pattern with school icons.

Математика – барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек, математика – оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, оны шыңдай түседі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді.

Математикалық сауаттылық – математиканың өмірдегі орнын түсіну, білу – әртүрлі формада берілген сандық ақпаратты оқу, талдау – есептерді шығарудың ыңғайлы тәсілдерін табу, орындау, өзін-өзі тексеру, өмірмен байланыстыру – математикалық білімін өмірлік жағдаяттарда кездесетін түрлі мәселелерді шешуде еркін қолдану болып табылады.

Қаңтар айында №11 ЖББМ математикалық функционалдық сауаттылық апталығында бастауыш сынып мұғалімдері математика пәнінен әртүрлі іс-шаралар өткізді. 1 «б» сыныбында А.Оралбаева «Кім шапшаң?» ойынын ұйымдастырса, 2 «б» сыныбында М.Далабаева «Білгір логик», 3 «б» сыныбында С.Тарашева «Кім тапқыр?» атты математикалық сайысын өткізді. 4 «б» сыныбында М.Далабаева оқушыларды топқа бөліп «Үздік математик» атты жарыс сабағын өткізіп, оқушылардың білімін шыңдап, жеңімпаздарын анықтады. Даярлық қазақ сыныбының жетекшісі Н.Молдабекова «Сандар сапары» атты математика пәнінен ашық сабақ берді. Даярлық орыс сыныбының жетекшісі С.Түктібаева математикадан «Закрепление. Прямой и обратный счет в приделах 10» тақырыбында дәріс берді. 2 «а» сыныбында Г.Шайхина «Математикалық коллейдоскоп» тақырыбында викторина өткізді.

Математика сабағында геометриялық фигуралар тақырыбын өткенде оқушының шығармашылық қиялын дамыту мақсатында шәкірттермен ой бөлісе келе бастауыш сынып ұжымы «Геометриястан» тақырыбында болашақ қаланың макетін жасады. Бұл жобаның ерекшелігі қаланың үйлері геометриялық фигурадан және эстетикалық талғамына сай шыныдан қапталынады. Экологиялық таза қала ретінде көшеде жүретін көліктер болашақта электр тоғымен жүруге арналған ғажайып қала ретінде танылады.

Оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыру үшін тиімді әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдап, жүйелі түрде қолдану керек. Әдістәсілдердің тиімділігінің арқасында оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, білім деңгейлері жоғарылайды. Осындай бағыттағы жұмыстарды қолдану арқылы ғана біз алған математикалық білімдерін тиімді пайдалана алатын, өмірдегі кез келген жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдайтын, өзінің математикалық сауатты екенін дәлелдей алатын функционалды сауатты тұлға тәрбиелеп шығамыз.

Сағыныш ТАРАШЕВА,

№11 ЖББМ бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі.