Қоғамның дамуына серпін беретін ең басты күш – жастар. Ал белсенді, жауапкершілікті сезінетін, айналасына жанашырлық таныта алатын жастар – кез келген ортаның тірегі. Осындай игі бастамалардың бірі жуырда мектеп қабырғасында өз жалғасын тапты. Жәйрем кентіндегі Жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Сатжанова мектептің жоғары сынып оқушыларынан волонтерлер тобын жасақтады.
Мектеп белсенділерінің қатысуымен болған мазмұнды іс-шарада жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды әңгімелер қозғалды. Бұл шара тек бір күндік кездесу ғана емес, алдағы игі істердің бастамасына айналды. Іс-шара барысында кентіміздің белсенді жастарының бірі, спортшы Гүлназ Кәкенова қатарластарына ерекше ұсыныс тастады. Ол мектеп оқушылары арасында еріктілер тобын құру идеясын ортаға салды. Бұл бастама оқушылар тарапынан бірден қолдау тауып, көпшілік оны үлкен ықыласпен қабылдады. Осылайша, жастардың ортақ ниеті мен жігері бірігіп, еріктілер тобы құрылды. Ресми атауы «ZHM V-LEADERS», жетекшісі Гүлназ Кәкенова. Бүгінде бұл топтың құрамында 19 белсенді оқушы бар. Олар тек сөз жүзінде ғана емес, нақты істерімен қоғамға пайда тигізуге ұмтылып жүрген жас еріктілер. Әрқайсысының жүрегінде мейірім, жанашырлық және көмектесуге деген ықылас бар.
Еріктілер тобы алғашқы игі қадамын ұзақ күттірмеді. Олар жалғызбасты қария Николай Пучкиннің үйіне барып, қолғабыс көрсетіп, көмек қолын созды. Қарт кісінің ауласына сенбілік жасап, бау-бақшасын толықтай тазалап берді. Бұл – үлкендердің батасын алып, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінудің жарқын көрінісі. Қарияға көрсетілген қамқорлық тек физикалық көмек қана емес, сонымен қатар, адамгершілік пен құрметтің белгісі болды. Бұл әрекет – жастардың бойындағы ізгі қасиеттердің айқын дәлелі. Қазіргі қоғамда біреудің жағдайына бейжай қарамай, қол ұшын соза білу – үлкен адамгершілік. Ал мұндай қасиеттердің жас буын арасында қалыптасуы – болашақтың жарқын екенін көрсетеді. Еріктілік – бұл тек көмек көрсету ғана емес, бұл – өмірлік ұстаным. Өзгеге жанашыр болу, қоғам игілігі үшін еңбек ету, адамдарға үміт сыйлау – нағыз азаматтықтың белгісі. Сол себепті де мектеп қабырғасынан басталған бұл бастама алдағы уақытта кеңейіп, көптеген игі істерге ұласатыны сөзсіз. Осындай белсенді жастар барда қоғамда мейірім мен ізгілік салтанат құрары анық. Еріктілер тобының әрбір қадамы – жақсылықтың бастауы, ал олардың бастаған жолы – өзгелерге үлгі. Жастардың осындай бастамаларына қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Себебі, бүгінгі белсенді оқушы – ертеңгі елдің тірегі.
Теректі ШАҒАТАЙ.
