Мектеп – әр адамның өміріндегі ең ыстық, ең маңызды кезеңдерінің бірі. Әр адамның жүрегінде мектепке деген сағыныш пен ыстық естелік мәңгі сақталады. Ал соңғы қоңырау сол балалық шақтың соңғы парағын жауып, үлкен өмірге жол ашатын ерекше күн.
25 мамырда қаладағы барлық мектептерде жас түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Бұл күн түлектер үшін жаңа арман мен жаңа мақсатқа бастайтын жол. «Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел болашағы» деген ұстаным бұл күні ерекше мәнге ие болды.
Биыл Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша 11 сыныпты 191 оқушы мектеп бітіруде. Оның ішінде, Қаражал қаласында 89 жас түлек болса, ал Жәйрем кентінде 102 жас түлек үлкен өмір жолына жолдама алғалы отыр. Сонымен қатар биыл 9 сыныпты 325 оқушы аяқтауда.
Оқу жетістіктері бойынша жақсы көрсеткіштер байқалады. Атап айтқанда, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпта 13 оқушы «Алтын белгіге», 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал 9 сыныпта 26 оқушы «Қызыл аттестатқа» үміткер ретінде тіркелген. Бұл білім сапасының артып келе жатқанын көрсететін маңызды нәтиже.
Салтанатты жиындар барысында ұстаздар, ата-аналар түлектерге ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдіріп, болашақ өмір жолына сәттілік тіледі. Оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Биылғы салтанатты іс-шаралар ерекше әсерге толы сәттерімен есте қалды. Әр жас түлек үшін мектеп бітіру өміріндегі ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Енді оларды алда жаңа мақсаттар, жаңа армандар және үлкен жауапкершілік күтіп тұр.
Ақбота САЖИНОВА,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-інің
2 курс студенті
