Әр мамандықтың өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ал медицина – адам тағдырымен тікелей байланысты, мейірім мен сабырды, төзім мен табандылықты талап ететін ерекше сала. Бұл жолды кез келген адам таңдай бермейді. Себебі, медицина – жай жұмыс емес, ол – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, жиырма жыл бойы адам денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан жан – Жәйрем кенті ауруханасының бас медбикесі Әсел Жалғожина.
Әсел Мәдібекқызының медицинаға келу жолы бала күнгі арманынан бастау алады. 2001 жылы № 10 орта мектепті сәтті тәмамдаған ол, сол жылы Жезқазған медициналық колледжіне оқуға түсіп, арманына нық қадам жасайды. 2004 жылы «Емдеу ісі» мамандығын үздік дипломмен аяқтап, болашақ кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас маман ретінде еңбек жолын бастайды.
Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы «Қазақмыс» корпорациясының медициналық орталығында физиотерапия бөлімінде медбике болып бастады. Бұл кезең – оның кәсіби қалыптасуындағы алғашқы әрі маңызды баспалдақ болды. 2007 жылдан бастап Жәйрем кентіндегі жедел жәрдем бөлімінде фельдшер қызметін атқарып, кейін балалар медбикесі ретінде еңбек етті. Әр қадамында тәжірибе жинап, білімін жетілдірген ол медицина саласында өзіндік орнын қалыптастыра білді. Оның айтуынша, осы жолда бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстаздарының бірі – дәрігер Раушан Қожаева.
— Ол кісі мені қызындай көріп, көп нәрсе үйретті. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Өте ұқыпты, сабырлы, өз ісінің нағыз шебері еді. Ақ халатына адал, адамгершілігі жоғары жан болатын, – дейді Әсел Мәдібекқызы үлкен құрметпен.
2010-2012 жылдары «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қарамағындағы денсаулық бекеттерінде, атап айтқанда, «Жомарт» және «Үшқатын» кеніштерінде, өндірістік бөлімдерде ауысымдық медбике ретінде еңбек етті. Кейін «Еуразия» медициналық орталығы құрамында қызметін жалғастырып, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында 2016 жылы бас медбике қызметіне көтерілді. 2018 жылдан бері ол Жәйрем кенті ауруханасында еңбек етіп келеді.
Алғашында аға медбике болып қабылданып, кейін бас медбике қызметіне тағайындалды. Бүгінде ол осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, ұжымның ұйымшылдығын сақтап, сапалы медициналық қызмет көрсетуде үлкен үлес қосып отыр. Бұл – оның өз мамандығына деген сүйіспеншілігінің, адалдығы мен тынымсыз еңбегінің нақты нәтижесі. Биыл оның медицина саласындағы еңбек өтіліне 20 жыл толды. Бұл уақыт – тек жылдар жиынтығы емес, сансыз науқасқа көрсетілген көмек, жүздеген түнгі кезекшілік, қиын сәттердегі сабыр мен кәсіби шеберліктің өлшемі.
Әсел Мәдібекқызы – тек білікті маман емес, сонымен қатар, қайсар ана. Жалғыз өзі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қызы – үздік білім иесі, бүгінгі таңда «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбекті қорғау және қауіпсіздік инженері болып еңбек етуде. Ал ұлы – отбасының кішкентай қуанышы.
— Құдайға шүкір, еңбегімнің арқасында балаларымды өсіріп, білім беріп, үйлі болдым. Еңбектің жемісін көріп отырмын, – дейді ол шынайы ризашылықпен.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ауруханада айтарлықтай оң өзгерістер орын алған. 2023 жылдан бері жаңа басшы Дәурен Қанатұлының бастамасымен мекемеде күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, бұрын тапшы болған мамандар тартылып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы едәуір артқан.
Әсел Мәдібекқызының өз ісіне деген адалдығы елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте аурухана басшылығы мен жергілікті әкімдік тарапынан алғыс хаттармен марапатталған. 2024 жылдың наурыз айында «Денсаулық сақтау ісіндегі еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болса, жуырда Халықаралық медбикелер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлиназарованың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл – оның көп жылғы адал еңбегіне берілген лайықты баға. Бүгінде ол жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, өзін дамыту жолында үздіксіз ізденіс үстінде. Бакалавр дәрежесін аяқтап, алдағы уақытта Жоғары медбикелік академияға түсуге дайындалуда. Бұл – оның өмірлік ұстанымының айқын көрінісі. Оның өмірлік қағидасы қарапайым, бірақ, мағынасы терең: «Жетістікке жетудің жолы – шыдамдылық, төзімділік, сабырлық және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білу».
Жас мамандарға да айтар кеңесі анық: «Жұмысты адал, жауапкершілікпен істеңдер. Сонда ғана еңбектеріңнің жемісін көресіңдер». Бос уақытында балаларына көңіл бөліп, кітап оқуды ұнатады. Болашаққа қойған армандары да биік: балаларының бақытына куә болып, немере сүю, Астанадан баспана алу. Алайда, оның ең басты тілегі – отбасының амандығы мен жақындарының бақыты. Осындай жандар барда медицина саласының мерейі өсе бермек. Медбике – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – өмірлік миссия, тағдыр таңдау. Ал мамандығын шын жүрегімен сүйген адам – әрдайым Еңбек адамы болып қала береді.
