Ұлы даланың ұлы ойшылы

9  тамыз күні   С.Сейфуллин атындағы қалалық орталық кітапханада Ұлы ақын Абайдың туған күніне орай  дана Абайдың артына қалдырған өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа ұлықтау және оқырманның бойына ақыл мен парасатты, сөз құдіреті мен көркем сөздің мәйегін сіңіріп, рухани жағынан жетілуіне жол бастау мақсатында  «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы»  атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Абайдың туған күніне арналған іс-шара ең алдымен Абай ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды.  Іс-шараға оқырмандар,  студенттер мен мектеп оқушылары  қатысты. Әдеби-сазды кештің шымылдығын кітапхана басшысы Тлеухор Жанжұманқызы ашып,  шараның мақсаты мен маңызына тоқталып, қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі туралы кеңінен мәлімет беріп, шығармашылығына жалпы шолу жасады.

Шара барысында оқырмандарымыз ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап,  Хакім  туралы сөз қозғалып, өлеңдері оқылды. Кеш барысында жүргізушілер тақырып аясында әзірленген тың дүниелерді ұсынып, Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылық жолындағы өлшеусіз еңбегін насихаттау мақсатында қатысушыларға жан-жақты ақпарат берді. Кеш соңында шараға қатысушы оқырман қауым  «Әлемге танылған – Ұлы Абай»  тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалап,  көрмеге қойылған  Абай шығармалары мен  абайтанушылардың еңбектерімен танысып, қатысушыларға Абай шығармалары туралы  викториналық сұрақтар қойылып, оқырмандар белсене жауап берді. Жиналған қауым ән тыңдап, оқушылардың орындауындағы  Абай өлеңдерімен сусындап қайтты. Келген қонақтар кітапханамен танысып, кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Мөлдір ОРАЗАЛИНА,

Қаражал қалалық С.Сейфуллин

 атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.