Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның тұрақты дамуы мен ел ішіндегі татулықты сақтау – кез келген мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Әсіресе, түрлі ұлт пен дін өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүретін Қазақстан үшін конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызы ерекше. Бұл – мемлекетіміздің ішкі саясатының маңызды бағыты ғана емес, ел болашағының кепілі болып саналатын құндылық.
Қазақстан – сан түрлі этнос пен әртүрлі діни көзқарастағы азаматтардың ортақ Отаны. Елімізде ислам, православие, католицизм, протестанттық бағыттар, иудаизм, буддизм және басқа да діни бірлестіктер өз қызметін заң аясында жүзеге асырып келеді.
Мемлекет әр азаматтың ар-ождан бостандығына құрметпен қарап, конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Бұл бағыттағы жүйелі саясат қоғамда сенім мен тұрақтылықтың қалыптасуына ықпал етуде.
Конфессияаралық келісім – тек діни ұйымдардың өзара татулығы ғана емес, ол – қоғамдық келісімнің маңызды тірегі. Адамдардың бір-бірінің сенімі мен дүниетанымына құрметпен қарауы, төзімділік танытуы және ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуі – қоғамның рухани тұтастығын нығайтады.
Осындай ізгі қағидаттар негізінде қалыптасқан қоғамдық орта ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан бұл бағытта халықаралық деңгейде де үлгі көрсетіп келеді. Елордада тұрақты түрде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – конфессияаралық үнқатысуды дамытудағы маңызды алаң.
Бұл форум бейбітшілік, өзара құрмет және рухани келісім идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Мұндай бастамалар Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін арттырып қана қоймай, ел ішіндегі бірлік саясатын да нығайта түседі.
Қоғамдық тұрақтылық – экономикалық даму мен әлеуметтік өркендеудің де негізі. Тыныштық пен келісім орнаған елде халықтың әл-ауқаты артып, болашаққа деген сенім нығаяды.
Сондықтан, әрбір азамат қоғамдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты сақтауға үлес қосуы тиіс. Өйткені, татулық – өздігінен қалыптаспайды, ол күнделікті мәдениеттен, саналы қарым-қатынастан және ортақ жауапкершіліктен туындайды.
Бүгінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық – тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Бұл құндылықтарды сақтау және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бірлік бар жерде – тірлік бар, ал татулық пен келісім салтанат құрған қоғамның болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Азамат КӘДІРСІЗОВ,
Шалғы кентінің әкімі.
