Кеніштің алдыңғы шебінде

Шахтадағы әр маманның өз орны, өз міндеті бар. Бірі кенді өндіреді, бірі тасымалдайды, енді бірі жер астындағы күрделі құрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал кеніштің жаңа қазбаларын ашып, тың кен көздеріне жол салатын мамандардың еңбегі тіпті бөлек. Олар – проходчиктер, яғни, кеніштің алдыңғы шебінде жүретін жандар.

Солардың бірі – Алмасхан Садуақасов. Бүгінде оның Батыс Қаражал шахтасындағы еңбек жолына 16 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол қарапайым крепельщиктен бұрғылаушыға дейінгі кәсіби жолдан өтіп, жерасты еңбегінің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маманға айналды. Алмасхан Садуақасов 1991 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Әйтсе де, балалық шағының маңызды кезеңі Қаражал қаласында өтті. 1998 жылы отбасы Қаражалға қоныс аударып, Алмасхан осындағы № 7 мектептің табалдырығын аттады. Осы қалада білім алып, ер жеткен ол 2007 жылы мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң, білімін жалғастыру үшін Қарағанды қаласындағы теміржол мектебіне оқуға түседі. Екі жыл білім алып, 2009 жылы оқу орнын тәмамдайды.

Теміржол саласының мамандығын меңгерген жас жігіттің еңбек жолы да осы бағытта жалғасатын сияқты көрінген. Алайда, өмір оны мүлде басқа кәсіпке алып келді. Ол – шахта. 2010 жылы Алмасхан Батырханұлы Батыс Қаражал шахтасына жұмысқа орналасты. Алғашқы еңбек жолын монтаждау учаскесінде крепельщик болып бастады. Жер астындағы алғашқы қадам адамның кәсіби өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Шахтадағы жұмыс сырттай қарағанда бірсарынды көрінуі мүмкін. Бірақ, оның әр сәтінде мұқияттылық, физикалық күш, тәжірибе және жауапкершілік қажет. Жас маманның кәсіпке бейімделуіне оның бригадирі Төлеухан Жанабаев көп ықпал етті. Тәлімгерден көргені мен үйренгені кейінгі еңбек жолына берік негіз болды.

Кәсіптің теориясын бір жерден оқуға болғанымен, шахтадағы жұмыстың шынайы қыр-сырын тәжірибелі маманның жанында жүріп меңгеру – мүлде бөлек дүние. Тәлімгердің әр кеңесі, әр ескертуі жас жұмысшының есінде қалды. Себебі, жер астында қауіпсіздік пен жауапкершілік – бірінші орында. Алмасхан да еңбек жолының алғашқы жылдарында жұмыстың барлық қырын меңгеруге тырысты. Күн сайын тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігін шыңдады. Арада төрт жыл өткен соң, 2014 жылы Алмасхан Садуақасовтың еңбек жолында жаңа кезең басталды. Ол проходкалау учаскесіне бұрғылаушы болып ауысты. Бұл – шахтадағы аса жауапты әрі өзіндік ерекшелігі бар жұмыс. Осы учаскеге келгенде ол тәжірибелі маман Айтжан Сымайловтың бригадасына қосылды.

Мұнда жаңа кәсіпті меңгеріп, бұрғылау жұмысының қыр-сырын үйренді. Проходкалау – кеніштің болашағын айқындайтын маңызды жұмыстардың бірі. Өйткені, кен өндірілетін жерге жету үшін алдымен жол ашу керек. Жаңа қазбалар салынып, жер астындағы бағыттар кеңейіп, тың кен орындарына жол салынуы тиіс. Ал сол жұмыстың алдыңғы қатарында проходчиктер жүреді. Шахтада жаңа кен көзінің табылуы – ұзақ еңбектің нәтижесі. Ал сол кенге алғашқы жол салатын мамандар – проходчиктер. Олар жер қойнауының белгісіз кеңістігіне алғаш болып бұрғы салады. Жер астында жаңа бағыт ашу үшін нақты есеп, тәжірибе және кәсіби шеберлік қажет. Бұрғылаушы үшін әрбір бұрғылау жұмысының өз мәні бар. Жердің астында табиғи жағдай үнемі біркелкі болмайды.

Тау жынысының ерекшелігі, қазбаның бағыты, жұмыс кеңістігі – мұның бәрі маманнан қырағылықты талап етеді. Сондықтан, проходкалау жұмысын шахтаның алдыңғы шебі деуге болады. Жаңа қазбаны салатын жұмысшылар кеніштің ертеңгі өндірісіне жол ашады. Олар бүгін көрінбейтін жердің ертеңгі мүмкіндігін қалыптастырады. Бүгінгі бұрғылау – ертеңгі өндірістің бастауы. Алмасхан Батырханұлы осы жауапты жұмысты он жылдан астам уақыттан бері атқарып келеді. Шахтер еңбегінің қиындығы туралы көп айтуға болады. Жерасты жұмысы ең алдымен физикалық күш пен төзімділікті талап етеді. Адам жер астында жұмыс істегенде уақыт пен кеңістік туралы түсінігі де өзгереді. Жоғарыдағыдай табиғи жарық жоқ, ауа райы сезілмей ді.

Оның орнына техниканың үні, өндірістің қарқыны және тау-кен жұмысының өзіндік тәртібі бар. Бірақ, осы қиындықтардың арасында кәсіптің өз қызығы да бар. Ол – өз еңбегіңнің нәтижесін көру. Проходчик үшін жаңа қазбаның алға жылжуы, бұрғылау жұмысының нәтижелі аяқталуы, келесі кезеңге жолдың ашылуы – үлкен қуаныш. Себебі, әрбір метрдің артында адамның маңдай тері жатыр. Ең қызығы – шахтер өз еңбегінің нәтижесін тек өзі үшін емес, бүкіл өндіріс үшін жасайды. Оның бүгінгі жұмысы ертеңгі ауысымға, келесі маманға, жалпы кеніштің өндірістік жоспарына әсер етеді. Сондықтан, жер астындағы еңбек – бір-бірімен жалғасқан үлкен тізбек. Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, Алмасхан Батырханұлының Батыс Қаражал шахтасындағы еңбек жолына биыл 16 жыл толып отыр.

Он алты жыл – аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде ол бір ғана жұмыс орнында тәжірибе жинап қана қоймай, шахтаның тыныс-тіршілігін, өндірістің ерекшелігін, жерасты жұмысының талаптарын терең меңгерді. Еңбек жолын крепельщик болып бастап, кейін бұрғылаушы мамандығына ауысуы – оның кәсіби ізденісін де көрсетеді. Әр кезең жаңа тәжірибе берді. Әр учаске жаңа міндет жүктеді. Шахтада жылдар өте келе адамның кәсіби шеберлігімен бірге мінезі де қалыптасады. Төзімділік, сабыр, жауапкершілік, тәртіп, әріптеске деген сенім – мұның бәрі жерасты еңбек мектебінен өтетін қасиеттер. Алмасханның 16 жылдық жолы – осындай мектептің нәтижесі. Шахтада жеке адам ғана жұмыс істемейді. Мұнда әр маманның еңбегі ортақ нәтижеге тоғысады.

Әсіресе, проходкалау учаскесінде ұжымдық жұмыстың маңызы ерекше. Бір маманның міндеті екіншісінің жұмысымен тығыз байланысты. Сондықтан, бригада мүшелері бірбірін түсініп, өзара қолдау көрсетіп, жұмысты үйлесімді атқаруы керек. Алмасхан да осы ортада талай жыл еңбек етіп келеді. Айтжан Сымайловтың бригадасында жүріп, тәжірибелі шахтерлерден үйреніп, өзі де кәсіби маман ретінде қалыптасты. Шахтерлер арасында «жер астында бір-біріңе сенбесең, жұмыс істеу қиын» деген түсінік бар. Бұл – бекер сөз емес. Өйткені, жер астындағы әріптесің – сенің қасыңдағы маман ғана емес, қажет кезде сүйенетін серігің. Алмасхан Садуақасов үшін шахтадағы еңбек – өмірінің бір бөлігі болса, отбасы – оның ең үлкен тірегі.

Бүгінде ол – зайыбының сүйікті жары, төрт баланың әкесі, отбасының асыраушысы әрі тірегі. Шахтер үшін отбасының орны ерекше. Өйткені, ауыр ауысымнан кейін үйге оралғанда, оны жақындарының мейірімі мен бала-шағасының күлкісі қарсы алады. Әке еңбегінің қадірін бала күн сайын көріп өседі. Таңертең жұмысқа асыққан әке, кешке шаршап үйге оралған әке – баланың көз алдында еңбек адамының бейнесін қалыптастырады. Алмасханның 16 жылдық шахтерлік жолы да балалары үшін үлкен өнеге. Ол оларға еңбекпен келген нанның қадірін, өз кәсібіңе адал болудың маңызын, қандай жұмысты таңдасаң да оны жауапкершілікпен атқару керектігін өз өмірімен көрсетіп келеді. Отбасының тірегі болу – тек материалдық жауапкершілік емес.

Бұл – қиындықта мойымай, алға ұмтылу, жақындарыңа сенімді болу, балаңа дұрыс бағыт көрсету. Алмасхан Батырханұлының өмір жолына қарасақ, оның таңдауының астарында осындай жауапкершілік жатыр. Теміржол мектебін бітіргенімен, басқа кәсіпті таңдады. Шахтаға келген алғашқы жылдары жаңа мамандықты меңгерді. Кейін кәсіби бағытын өзгертіп, проходкалау учаскесіне барды. Бүгінде өзінің ісін жетік меңгерген тәжірибелі бұрғылаушы. Бұл – еңбек жолындағы ізденістің, бейімделудің және табандылықтың көрінісі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.