Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс – қоғам болашағына төнген қауіп

Кәмелетке толмағандар мемлекетіміздің ертеңі, елдің болашағы. Сондықтан, жасөспірімдердің тәрбиесі, құқықтық санасы мен тәртібі әрбір қоғам үшін маңызды мәселе болып табылады. Соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың артуы қоғамда алаңдатушылық туғызуда.

Бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және тұтас қоғамның назарын талап етеді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының деректеріне сәйкес соңғы жылдары жасөспірімдер арасында жасалатын құқық бұзушылықтардың сипаты өзгеріп, олардың қоғамдық қауіптілігі артып келеді. Әсіресе, ұрлық, тонау, бұзақылық, бопсалау және интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар жиілеген.

Сол себепті, қазіргі таңда мемлекет тарапынан аталған әлеуметтік мәселеге үлкен көңіл бөлінуде. Заңнамалық база жетілдіріліп, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін институционалдық құрылымдар құрылуда, кәмелетке толмағандарды қолдау және олардың жұмыспен қамтылуы саласындағы ең өзекті мәселелерді шешу бойынша бағдарламалар қабылдануда.

Дегенмен, шешім талап ететін бірқатар өзекті мәселелер әлі де бар.

Облыстың жалпы және кәсіптік білім беру саласы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Мектептегі білім беру: өңір аумағында 2025-2026 оқу жылында жалпы контингенті 41 671 оқушыны құрайтын 87 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.

Мектептердің басым көпшілігі (86) – мемлекеттік, 1-еуі – жекеменшік. Оқушылар саны бойынша ірі оқу орталықтары Жезқазған (17 832 адам) және Сәтбаев (12 174 адам) қалалары болып табылады. Сондай-ақ, мектептер Қаражал (3 544 адам), Жаңаарқа (6 341 адам) және Ұлытау (1 780 адам) аудандарында жұмыс істейді.

Орта кәсіптік білім: орта кәсіптік білім беру жүйесін 5993 студенті бар 15 колледж ұсынады. Оның ішінде 11 колледж — мемлекеттік, 4 — жекеменшік.

2026 жылдың 4 айында облыс бойынша жасөспірімдермен жасалған қылмыстардың Жезқазған, Сәтпаев қалаларында және Жаңаарқа ауданында өскендігі байқалды.

Қылмыстардың негізгі бөлігін 93,3%, 16-17 жастағы кәмелетке толмағандар 6,7% 14-15 жастағылармен жасалған. Негізгі үлес кәсіптік-техникалық мектептердің, колледждердің оқушыларына тиесілі, бұл қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы санының жартысынан көбін құрайды.

Осылайша, құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың жас құрамы кәмелетке толмағандардың ересек тобына ауысқан. Сонымен қатар, жыл басынан бері 23 кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына жеткізіліп, орналастырылған және студенттер арасында 6 бейресми көшбасшы анықталып, есепке алынған.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, отбасындағы тәрбиенің әлсіреуі, отбасылық жанжалдар, әлеуметтік қиындықтар жасөспірім психологиясына кері әсер етеді.

Жалпы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар – қоғам үшін маңызды әрі күрделі мәселе. Онымен күресу тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Ең бастысы – құқық бұзушылықтың алдын алу, жастарға дұрыс тәрбие беру және олардың қоғамда орын табуына жағдай жасау болып табылады.

Себебі, тәрбиелі, білімді және саналы жас ұрпақ — елдің жарқын болашағының кепілі.

ҚР БП ҚСжАЕК-нің Ұлытау облысы бойынша Департаменті.