Халықтың қамы – билік мәселесі

Қазынаға толы аймақ әкімі Айқын Елеусізов жуырда ғана Жәйрем кенті мен Ақтай елді мекенін аралап, халықтың басын қосып, мұң-мұқтажын тыңдап қайтқан еді. Қаражал қаласының тұрғындарын да кестеге сай қабылдап, айтылған мәселелердің шешімін әріптестерімен бірлесе отырып, қарастыратынын да жеткізіп отырды. Жасыратын несі бар? Аймақтың жағдайы әлбетте бұрынғыға қарағанда өзгерек. Өңірімізде білім, мәдениет, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жол және коммуналдық салаларда небір мәселелер туындағанына қарамастан қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар да жетерлік. Қала бюджетінің қаржысымен салынатын ғимараттар саны да жылдан жылға артуда. Алайда аймақтың тыныс-тіршілігін байқап, халықпен кездесуге өткен аптаның берекелі бейсенбісінде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы және бір топ басқарма басшылары ат басын тіреді.

Ұлытау облысы әкімінің жұмыс сапары ең алдымен Жәйрем кентін аралаумен басталды. Өзекті мәселелердің бірі кенттегі кәріз желілерін қайта құру 2 кезек нысанын барып көрді. Аталмыш жұмыстың уақыты 2022-2024 жылдар аралығында аяқтау керек екен. Қазіргі уақытта жоба кестеге сай жүргізілуде, десек те өңір басшысы қайта құру жұмыстары аяқталғанша бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Келесі нысан меморандум аясында «Казцинк» ЖШС тарапынан салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысты. Үйдің жалпы ауданы 3235 м2 құрайтын болады. Нысанның іске асыру мерзімі 2024 жыл. Жұмыс барысында Қаражал қаласындағы жабық жүзу бассейнін аралаумен жалғасын тапты. Нысанның жалпы ауданы 1524,7 м2 құрайды. Бұл нысанның да іске асыру мерзімі 2024 жыл. Сондай-ақ, қаламыздағы салынып жатқан екіқабатты әкімшілік ғимаратын қараумен жалғасты. Нысанның жалпы ауданы 699,8 м2. Одан әрі облыс басшысының жұмыс сапары Қаражал-Жәйрем аймағының тұрғындарымен кездесумен жалғасты.
Ең алдымен Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов сөз алып, өз баяндамасынан бастады. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының стратегиялық мақсаттарын орындау, белгілеген міндеттерді іске асыру бойынша нақты жұмыстар қолға алынғандығын айтты. 2024 жылдың 3 айында қаламыз бойынша экономиканың барлық салаларында динамиканың оң өсімнің жалғасуы және қарқынды дамуы жақсарды. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне келсек, өңір өнеркәсібі өсу динамикасын сенімді түрде көрсетуде. Соңғы 5 жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 2 есеге жуық артуы (280%) тіркелді. Жәйрем зауытының «Жәйрем полиметалдары» ірі инвестициялық жобасын жүзеге асыруы өңір экономикасының нақты секторының дамуына қуатты серпін берді. «Өркен» ЖШС кәсіпорнының жоспарында да жаңа кен орнын игеруі бар екендігін жеткізді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында өңір кәсіпорындары 36,7 миллиард тоннаның өнеркәсіп өнімін өндірді.
Ауыл шаруашылығына келсек, жалпы өнімінің көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға (1,2 млрд тонна) өсті. Өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі 31,6%-ға (9,9 млрд тонна) өсті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары көлемінің 75,6%-ға (4,5 млрд тонна) ұлғайғандығын да қала әкімі айта кетті. Жеке тұрғын үй құрылысы белсенді қарқынмен дамуын жалғастыруда. Тұрғын үй жоспардан 16,3%-ға өсіммен (721 ш.м.) пайдалануға берілгендігін жеткізді.
Айқын Қылышұлы 2024 жылға арналған аймағымыздың даму жоспарымен де таныстырып өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, оның ішіндегі жобалар жайлы айтты. Яғни, қаламыздың автомобиль жолдарына, биыл 4,8 шақырым болатын 10 көшенің жолдарын орташа жөндеуден өткізу көзделген. Сондай-ақ, Қаражал-Қылыш жолының 13 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Жолдарды күзгі-қысқы мезгілде күтіп ұстау үшін 90 млн теңге бөлінгендігін айтты, оның ішінде 2,2 км – жол белгілерін салу (разметка), 28 дана – жол белгілерін орнату, жол тазалау және қар шығару, 73 бағандық шамдар ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, былтырғы жылы қаланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген болатын. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табатынын қала әкімі баса айтты.
Ағымдағы жылы Қаражал қаласында жалпы ұзындығы 1,8 шақырымға 4 көшеге 60 жарықтандыру бағаналарын орнату жоспарлануда. Ал Жәйрем кенті бойынша жалпы ұзындығы 6,2 шақырымға 9 көшеге 250 жарықтандыру бағаналары орнатылатынын жеткізді. Аталған мәселелер қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде екен.
Абаттандыру бойынша да Айқын Елеусізов тоқталып өтті. Қаламыздың басты көшелерінің бірі, Тәуелсіздік көшесі бойындағы саябақты абаттандыру бойынша сәулет жобасы әзірленген болатын. Іске асыру мерзімі 2024 жыл. Ал Жәйрем кенті бойынша «Кентті алғаш ашқандар» саябағын абаттандыруға 83,0 млн теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қаражал қаласының 4 көшесіне 50 бейнебақылау камерасын орнатуға 35 млн теңге бөлінді.

Қала басшысының айтуы бойынша облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының қолдауының арқасында өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобалары Ұлытау өңірін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізіліп, сәтті жүзеге асырылуда. Оған қажетті қаржылық қолдау көрсетіліп жатқанын да біздің әкім жасырмады.
Ағымдағы жылда қалалық бюджет­те инвестициялық жобаларды іске асы­ру үшін тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық құрылысын және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жалпы сомасы 6,1 млрд теңге бөлінді. Әрқайсына тоқтала кетсек, 2023 жылдан 2024 жылға өткен 5 жоба жалғастырылып, аяқтау үшін 5813,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, Қаражал қаласының кәріз желілерін қайта жаңғырту жобасын (2 кезең) аяқтауға 2024 жылға 2 935,5 млн теңге бөлінді. Ал Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңғырту жобасына (2-кезең) 2024 жыл­ға – 1591,2 млн теңге бөлінді. Сон­дай-ақ, Қаражал қаласында бассейн құрылысын аяқтауға жергілікті бюд­жеттен 582,6 млн теңге бөлінді. Қаражал қаласында «Горняк» стадионының құрылыс жобасын салып аяқтауға жергілікті бюджеттен 183,6 млн теңге бөлінді. Қаражал қаласының Ақтай шағын ауылындағы сумен жабдықтау желілерін салу жобасын аяқтауға жергілікті бюджеттен – 384,7 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, бюджет есебінен 10 жаңа іске асыру нысандары қарастырылып отыр, айта кетсек, Қаражал қаласында көліктерге арналған тұрағы бар гараж құрылысын (өрт сөндіру бекеті) салуға облыстық бюджеттен біршама қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігер анықталды. Дәл солай Жәйрем кентінде де көліктерге арналған тұрағы бар гараж құрылысын (өрт сөндіру бекеті) салуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жалпы аумағымыз бойынша тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға 4 жоба жүзеге асырылу жоспарлануда. Атап айтсақ, Қаражал қаласының 25 орам, 20 үй мекенжайы бойынша көппәтерлі тұрғын үй салу жобасы, Қаражал қаласының №1, 3 үй мекенжайы бойынша көппәтерлі тұрғын үй салу жобасы, сондай-ақ, Қаражал қаласында жеке тұрғын үй құрылысының жобасы, Жәйрем кентінде жеке тұрғын үй құрылысының жобасы жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алуда конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Сонымен қатар, Шалғы кентінде су ұңғымасына дейін ВЛ-10 кВ құрылысын салу жоспарда бар. Биылғы жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу жобасы бойынша 30 пәтер жоспарланып отыр. Жәйрем кентінде бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын салу. Жобаны іске асыру 2024-2025 жылдар.
Сондай-ақ, «Қазцинк» ЖШС арасындағы меморандум аясында салынатын нысан туралы да әкім тоқтала кетті. Жәйрем кентінде 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кәсіпкерлік бағыты бойынша, осы жылы жеке қаражат есебінен жалпы сомасы 540 млн теңгеге 4 жоба жоспарланып отыр, яғни, 400 орынды 1 тойхана, 50 орынды 1 кафе, 10 орынды 2 қонақ үй.
Спорт саласын дамыту мақсатында 36,3 млн теңге бөлініп, 60-тан астам іс-шара жүргізіледі, оның ішінде маңызды 2 ірі іс-шара жоспарланып отыр. Яғни, ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестиваль және жасөспірімдер арасында республикалық турнир (бокс және дзюдо).
Мәдениет саласы бойынша, 70 млн теңгеге 170-тен астам іс-шаралар өткізіледі, оның ішінде ауқымды 2 фестиваль жоспарланып отыр. Яғни, «Қызғалдақ көктем», «Сарыарқа сазы» және республикалық деңгейде айтыс.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ағымдағы жылда Қаражал қаласының емханасы бойынша күрделі жұмыстары жалғасады, қарастырылған сомасы 60,0 млн теңге. Жәйрем кенті бойынша биылғы жылға құрал-жабдықты сатып алу үшін – 97 млн теңге қарастырылған.
Білім беру саласы жайлы ағымдағы жылы Жәйрем кентінде №10, 30 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. №10 мектеп бойынша ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы жасалды. №30 мектеп бойынша ЖСҚ әзірленіп, сараптамаға өткізіледі. Ал Қаражал қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің желдету жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарына 35,8 млн теңге бөлінді. 5 пәндік кабинетті жабдықтауға –83,4 млн теңге бөлінді. Қала бойынша 260 орынды «Балбөбек» бөбекжайының шатырын және сыртқы қасбетіне жөндеу жұмыстарына 46,0 млн теңге қарастырылып, жүргізілуде. Сонымен қатар, жағымды жаңалықтардың бірін, яғни, Жәйрем кентінде жеке қаражат есебінен 125 орындықты балабақша салтанатты түрде ашылғандығын қала әкімі ризашылықпен жеткізді. Айқын Қылышұлы баяндамасын қорытындылай келе, көзделген іс-шаралар жүзеге асырылғаны – өңірдегі шешімін таппай жатқан мәселелер шешіліп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалатынын айтты.
Алайда, халық бірауыздан кәріз, ауызсу мен тұрмысқа қолданатын су жайлы, жол мәселесін баяндама аяқталысымен кезек-кезекпен сұрақ қойып, басқарма басшылары мен жергілікті билік өкілдерінен тиісті жауаптарын алды. Әсіресе, аймақтың ең өткір мәселелерінің бірі Қылыш су қоймасының суын пайдалануға халыққа жеткізу бойынша дау туындап, Берік Әбдіғалиұлы халықты сабырға шақырып, кезең-кезеңмен ол мәселе шешілетінін де жеткізді. Сонымен қатар, Ақтай елді мекенінің тұрғындары біршама мәселенің басын қайырды. Айта кетсек, халық тек мал шаруашылығын кәсіп қылып отырған соң, мемлекеттік субсидиялар берілмейтіндігін, жайылым жерлерінің аздығы, маңайда әлі де өлекселер жиналмай жатқандығын, электр энергиясының сапасының төмендігі (электр энергиясының әлсіз кернеуі) туралы сұрақтар көтерді. Сондай-ақ, халықтың тағы бір назы, ол күн суытса ауа ластанып, қала іші көк түтінге оранатындығын да жеткізді. Ол сұраққа Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков жауап берді. Биылғы жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру бойынша жұмыстары басталатынын жеткізді. Егер барлық тұрғындар газ қойса, аймақтың экология жағдайы жақсаратынын тілге тиек етті. Біршама сұрақтар да қойылып, қала басшысы Айқын Қылышұлы мен облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы барлық әріптестерімен тұщымды жауап қайтаруға тырысып бақты. Қарапайым халыққа білінбесе де, біршама ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны айдан анық. Ал шешілмей жатқан мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын, оған сабыр мен төзім керектігі басшылар тарапынан айтылды.
Аймақ тұрғындарымен бірлесе отырып жоғарыда көрсетілген мақсаттарға қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайының қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек етуге әзірміз, – деп қала басшысы Айқын Қылышұлы сөзін аяқтады.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ