Халыққа жақын жандар

 Елімізде мемлекеттік мерекелерден бөлек әр саланың, әр мамандықтың өздеріне тікелей қатысты кәсіби мерекелері бар. Сондай мерекелердің бірі -әлеуметтік қызметкерлер күні.  Әлеуметтік қызметкерлер күні дегеніміз — өзгелердің мәселелерін шешіп, олардың шешіміне көмектесетін адамдардың мерекесі. Бұл мерекенің иелері біздің Жәйрем кентінде де бар. Сондай мейірімді де қамқор жандарға жолығып, әңгімеге тартқан едік.

Ең бірінші болып сөзге араласқаны Бақытжамал Шәріпқызы Мұқанова. Ол кісі бұл салада 2009 жылдан бастап еңбек етеді екен.

– Менің ең басты міндетім — жалғыз басты қарттарға әлеуметтік тұрмыстық көмек көрсету. Бұл жұмыстың қиыншылығы мен қызығы бірдей. Жалғыздықтан жаны жабыққан жандардың үйін, жағдайын реттегенмен көңіл-күйін, жүрек мұңын ешқашан реттей алмайсың. Олардың көбісінің өне-бойын өкініш пен күйік жаулаған. Балалары тастап кеткен, қарайласпайды. Соларды сағынып, аңсап отырғанда сенің қаншалықты төгіп тұрған мейірімің еш әсер ете қоймайды. Қартайғаныңда ешкімге керек болмай қалуыңнан асқан күйініш жоқтығын көріп, Аллаға сыйынып, мұндай күйден сақтауын және осы кісілерді бір күні балалары іздеп, сағынып келуін, ал балалары, туыс-туғаны жоқ жандардың Алла берген жасты еш қиындықсыз жасауын тілеп жүреміз.

Келесі әлеуметтік қызметкеріміз Сәуле Өмірзаққызы Сыздықова өзінің айтуы бойынша 2000 жылдан бастап әлеуметтік қызметте екен.

– Біз бір бөлімде 5 адам еңбек етеміз. Басшымыз Әйгерім Рашидқызы Бургакова. Біздің қызмет халықпен, әсіресе, әлеуметтік көмекке зәру санаттағы жандармен көп байланыстырады. Біз жалғыз басты қарт-қариялардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс істейміз. Мектеп жасындағы балалардың спорт кешендеріне баруы, бір мезгіл таза ауаға шығып, табиғат аясында жүруі кезінде өз үлесімізді қосамыз. Бүгінгі таңда, тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімен көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар да баршылық. Ал, біз осындай жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреміз. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қайғысымен бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасаймыз.

1992 жылдан бастап осы салада еңбек етіп жүрген келесі әлеуметтік қызметкер  Айсұлу Шұғайқызы Мұхаметжанова:

– Мен ұжымымыздағы 5 қызметкердің ішіндегі еңбек өтілі ең көп менмін. Сонау 1992 жылдан бастап осы саладамын. Қазіргі таңда Жәйрем кентіндегі әлеуметтік көмекке зәру жандарды жіпке тізгендей айтып бере аламын десем мақтанғаным емес.  Шынымен де, осы жұмысыма байланысты кентіміздегі әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың бәрімен тығыз байланыстамыз. Үкімет тарапынан болып отырған, алда болатын көмекті, болашаққа жоспарланған жұмыстарды халыққа жеткізу, түсіндіру де біздің міндетіміз. Аллаға шүкір, қазір Жәйреміміздің әлеуметтік жағдайында көп оң өзгерістер орын алды. Халық арасында жұмыссыздық деген бірен-саран. Кентіміз де күн санап көркейіп келеді. Жалғыз басты қарт-қарияларымыздың да жалғыз бастылығы азайған. Арнайы санаттық тізімде тұрған кішкентай бөбектеріміздің де екі-үшеуі арнайы медициналық тіркеуден шығып, сырқатынан құлан-таза айыққан. Оның бәрі халық жағдайының жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Тағы бір әлеумет саласының маманы Жа­ңыл Шұғайқызы Темірова 2000 жылдан бас­тап жергілікті халықпен тығыз байланыста.

Өз ісін үлкен сүйіспеншілікпен атқаратын Жаңыл Шұғайқызы:

– Басты міндеттерімнің бірі мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс атқару. Кенттегі арнайы санаттағы балалардың қал-жағдайын біліп, аптасына 2-3 рет үйлеріне барып, баламен ғана емес, оны күтуші ата-анамен де жұмыс жасаймын. Баламен жұмыс жасау өзіме қатты ұнайды. Ұжымымыздағы 5 жұмыскердің біреуі басшымыз, екі әріптесім жалғыз басты қарт-қариялармен жұмыс істесе, мен және әріптесім Сәуле Өмірзаққызы екеуміздің жұмыс бағытымыз көбінесе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Жұмысымыздың қиындығы да, қызығы да бар. Себебі, біз тұрмыс тауқыметіне, тағдырдың күтпеген сынына кезіккен жандармен біргеміз. Әр баланың күлуі мен қуануы, шаттануы біздің жұмысымыздың сәл де болса жемісі, — дейді.

Ия, жұмыстың жеңілі жоқ. Алайда, бейнетінің зейнетін көрер жасқа келгенде жалғыз қалған жандарға өз баласындай қамқорлық танытып, үйін сырлап, киімін жуып, тамағын әзірлеп беру ол екінің бірінің қолынан келмейді. Оған үлкен жүрек керек. Сол жүректің иелері біздің Жәйремде бар екеніне мақтанамыз. Тек мереке қарсаңында ғана емес, нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлерді құрметке лайықты дер едік.

Мерекелеріңізбен, құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері!  Еңбектеріңіз табысты болсын. Жүздеріңізден күлкі кетпесін. Өздеріңізден жылу мен қолдау күткен әрбір жанның ризашылығын алып жүре беріңіздер!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.