Мемлекеттік қызметшілер бәсекесі

Өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығының мрамор залында «Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ  ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы және ұлттық мереке – Республика күніне орай  «Елім деп соққан жүрегім» атты қалалық байқау өтті. 

Айтулы мереке қарсаңында аймағымыздың бетке ұстар мемлекеттік қызметкерлері қатысты. Жалпы, сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану мәртебесін арттыру, қоғамдық қатынастардың барлық салаларына латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиін енгізуге жағдай жасау, сондай-ақ, мамандардың шығармашылық әлеуетін ашу және тіл мәдениетін жетілдіру. Сайыс бар жерде әділдіктің туын көтеріп, қазылар алқасы да қатар жүретіні анық. Қызықты тартысқа Қаражал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Мереке Жұманбаева, Қаражал қаласы әкімінің аппараты құжаттамалық бөлімінің инспекторы Шахризат Абдрахманова және «Қаражал қалалық мәслихаты аппараты» ММ бас маманы Гүлім Айтмағамбетова төрелік етті.

Сонымен, бес кезеңнен тұратын сайыс өте қызықты әрі тартысты болды. Қатысушылар да біліктіліктерін дәлелдеп, тапқырлықтарын таныта білді. Байқау қорытындысы бойынша 3 орын Қаражал қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі ММ бас маманы Ерлан Сембековке бұйырды. 2 орынды Жаңаарқа аудандық аумақтық инспекциясы ММ бас маманы Таңшолпан Намаева, ал 1 орынды «Қаражал қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Әбікенов иеленді. Сондай-ақ, «Қаражал қаласы әкімінің аппараты» ММ ұйымдастыру жұмысы бойынша бөлімінің бас инспекторы Әлия Саутбай бас жүлдені жеңіп алды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ