Елімізде 10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні болып бекітілгеніне де біршама жылдың жүзі болды. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы алтын көпір есептес кәсіподақтың қарапайым еңбеккерлер арасында алатын орыны ерекше. Кәсіподақ ұйымдары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді. Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Жұмыскерлер құқығын қорғай отырып, олардың әлеуметтік жағдайы мен өндірістік және жеке мәселелеріне барынша назар аударып, көп көмек көрсетіп отырған сондай кәсіподақ ұйымының бірі — «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелігінде комбинат жұмыскерлерімен қатар мердігер ұйымдар еңбеккерлерінен тұратын шамамен 2331 адам бар. Жұмыс беруші, кәсіподақ, жұмыскер арасындағы жұмыс жүйесін реттейтін тамаша құжат — Ұжымдық келісімшарт. Аталған құжатқа сәйкес жұмыскерлерге түрлі көмектер көрсетіледі.
Бірқатарына тоқталсақ, жұмыскер шаңырақ көтеріп үйленсе, нәрестелі болса, баласы мектеп табалдырығын аттаса, мерейлі жасқа келсе бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Егер жұмыскер көп балалы болса, 1 қыркүйек қарсаңында бала басына 50 000 теңгеден қаржылай көмек беріледі және Жаңа жыл мейрамында және Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамында қаржылай көмек беріледі. Көп балалы жұмыскер, сонымен қатар, оқушы балаларының демалыстары кезінде ақылы үш күн демалыс ала алады.
«Казцинк» компаниясының Жәйрем кентіндегі нысанында еңбек еткені үшін аймақтық қосымша төлем жасалып, бес күн қосымша еңбек демалысы беріледі.
Жер үйлерде тұратын жұмыскерлерге қыс мезгілінде көмір жеңілдікпен беріледі. Денсаулықтарына байланысты ем-дом алған жұмыскерлер тиісті құжаттарын өткізсе, емге жұмсалған қаражаттары өтеліп беріледі.
Жұмыскерлердің өздеріне, балаларына емдік сауықтыру санаторийлары мен лагерлеріне жолдама беріліп, оның 10 пайызын ғана жұмыскер төлейді.
Еңбек демалысына шыққан жұмыскер комбинаттағы еңбек өтілдеріне қарай, қосымша күн немесе емдік төлем ала алады.
Сонымен қатар, жұмыскерлер ауысымға түскенде тегін тамақтануға талон ала алады. Зиянды нысандарда еңбек ететін жұмыскерлерге тегін сүт беріледі.
Қысқасын айтқанда, жұмыскер үшін жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы тарапынан жасалып отырған көмек орасан зор. Оларға арналып, айына екі спорттық шара, бір рет мәдени іс-шара өткізіліп отырады. Берілетін қаржылай сыйлықтары да қомақты.
Өздеріне көрсетіліп отырған осыншама көмекке жұмыскерлер де дән риза. Кәсіподақ ұйымымен тығыз байланыста болатын жұмыскерлер ойларын ашық айта алады. Өздерін мазалаған сұрақтармен Кәсіподақ ұйымына тәулік бойы хабарласа алады.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев, орынбасары Гауһар Наурызбаева, бухгалтері Мадина Ізбасова, Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша маманы Меруерт Тайғабарова алдарына келген әрбір жұмыскердің жан-дүниесін толықтай түсінуге және келген шаруасын оңтайлы шешуге бар күштерін салады. Кәсіподақ ұйымы мамандары тек жұмыскерлермен ғана емес, олардың отбасыларымен де тығыз байланыста. Өзара ынтымақтастықты тұрақты ұстау үшін кәсіподақ ұйымы жанынан көп балалы жұмыскерлерден құрылған «Мейірімді аналар» тобы, өндірісшілерден құрылған «Өндіріс волонтерлары» тобы, комбинаттан зейнетке шыққан жұмыскерлерден тұратын Ардагерлер Кеңесі, комбинат жастарынан құрылған Жастар кеңесі жасақталған. Комбинаттың әр бөлімшесінде кәсіподақ ұйымының өкілдері цехкомдар бар.
Кәсіподақ ұйымы — зор күш. Мықты кәсіподағы бар ұжымдардың жұмыскерлері қандай да бір мәселемен сотқа, әкімдікке немесе прокуратураға бармайды. Олар өздерінің кәсіподақ ұйымдарына жүгінеді, осылайша проблема шешімін табады. Бұл өте қуанарлық жағдай.
Кәсіподақтар халықпен бірге екенін іс жүзінде айқын көрсетуде.
Олай болса, қарапайым жұмыскердің қолдаушысы, сүйеніші, жұмыс беруіші мен жұмыскер арасындағы алтын көпір Кәсіподақ ұйымы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, толағай табыс және жұмыскерлері мүддесі үшін атқаратын жұмыстарына сәттілік тілеймін!
Теректі ШАҒАТАЙ.