Мейірімділікте шекара жоқ  

Жәйрем кен байыту комбинатының «Өндірістің еріктілері» тобы «Мектепке апарар жол» республикалық қайырымдылық акциясына қосылды. Қысқа уақыт ішінде жиналған қаражатқа еріктілер 45 баланы барлық қажетті оқу құралдары толтырылған портфельмен қамтамасыз етті.

Қаламдар, қарындаштар, бояулар мен фломастерлер, дәптерлер мен альбомдар! Әрине, түрлі түсті рюкзактар! Жәйрем ауылының орталығында   кәдімгі жәрмеңке болды. Акцияға шақырылған мектеп оқушылары, бұл – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздары – кеңсе құралдарын  өз  талғамдарымен таңдап алды. Ерекше болған бір нәрсе – әр алуан құралға ақы төлеудің қажеті жоқ. «Өндірістің еріктілері»  дәстүрлі «Мектепке апарар жол» акциясын мерекеге айналдырып, жаңа оқу жылына осындай сыйлық жасады.

– Біз Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланған 2020 жылы құрылдық, – дейді «ЖКБК» АҚ кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, қамқор адамдар бірлестігінің басшысы Гауһар Наурызбаева. – Осы уақыт бойы біз қайырымдылықпен үздіксіз айналысып келеміз. Біздің қатарымыз жыл сайын толығуда. Бұл жолы жиналған қаражатқа мектеп формасы мен аяқкиім сатып алып, акцияны қыркүйек айының соңына дейін жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Көптеген еріктілердің өздері көпбалалы аналар мен әкелер екенін айта кету керек. Барлығы  шетінен өте жайдары және талантты адамдар, білікті мамандар. Олар – әлеуметтік қолдауды қажет ететін барлық жергілікті тұрғындарды  танитын өз елінің патриоттары. Олар кент ішінде болып жатқанның бәрін зерделей келе өз мүмкіндіктерінше әрекет етіп, әр көмек сұраған жанға жедел жауап береді.

– Маған қоңырау шалып, кіші қызымды акцияға шақырғанда, біз қатты қуандық, – деп бөлісті ПБФ-ның конвейер машинисі Шолпан Кабельдинова. – Мен көпбалалы анамын, төрт балам өсіп келеді. Күйеуім 9 жыл бұрын қайтыс болды, содан бері біз жалғыз тұрамыз. Еріктілер бізге әрқашан қолдау көрсетеді, оның ішінде азық-түлік жиынтығы да бар. Комбинат та әр жаңа оқу жылында материалдық жағынан көмектеседі. Мейірімді адамдарға және біздің «Казцинк» компаниясына үлкен рақмет! Қиындықта жалғыз қалмайтыныңды сезінген өте жақсы.

«Казцинк» Жәйремде  жұмыскерлердің көпбалалы отбасыларына мектепке дайындыққа әр балаға дәстүрлі түрде 50 000 теңгеден бөледі. Бұдан бөлек әрбір бірінші сынып оқушысына жеке қаржылай көмек көрсетіледі.