Әке жолын қуған бұрғылаушы  

Жалпы, қай салада болмасын еңбек озаттары бағаланады. Себебі, оларға жұмыс беруші сенеді, олардан жастар үлгі алады және сол үздіктердің арқасында өндіріс өркендейді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да үздіктер қатары күн санап артуда.

Солардың бірі «Батыс» кенішінің бұғылау қондырғысының машинисі Асқар Әбдіманатұлы Жазыбеков.

Асқар Әбдіманатұлы 1970 жылы 28 мамырда дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан соң, бірден Отан алдындағы борышын өтеуге Ресей еліндегі Вологодский облысының Череповец қаласына аттанады. Екі жылдан кейін ауылға оралған соң, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі болып жұмысқа тұрып, Қазақ политехникалық институтының Қаратау филиалына сырттай оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып шығады.

Жәйрем комбинатына келген жас жігіт Қуаныш Қожаев, Жақсылық Нұрланов, Тілеуберді Қазанғапов сынды бұрғылау қондырғысының қас шеберлерінің қолына түседі.  Жұмысқа деген адалдықты, еңбекқорлықты осындай мамандардан үйренген. Асқардың әкесі Әбдіманат Шектібайұлы сонау 60 жылдардан бастап, осы Жәйрем комбинатында бұрғылаушы болып еңбек еткен.

-Әкем өз ісіне адал, бұрғылау жұмысын ұршықша дөңгелеткен білікті маман болды. Мен бірақ, әкемнің бригадасында жұмыс істеген жоқпын. Әкем марқұм сыртымнан бақылап, сұрап жүрген болар сол кезде деп ойлаймын. Үйде бізді еңбекқорлыққа, табандылыққа, адалдыққа үйрететін әкем, менің өндірісте де жаман болғанымды қаламағаны айтпаса да түсінікті. Жәйрем комбинатында 33 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұрғылау қондырғыларының машинисі қызметінен бөлек, кран машинисі болып та еңбек еттім. Өзім кезінде тамаша азаматтарға шәкірт болып, үлгі өнеге алып, білікті маман атандым. Өзімнің өзгеден үйренген жақсы дағдыларымды жастарға үйретіп, шәкірт дайындадым. Қазіргі таңда менен оқып, үйреніп, өндірісті өрге сүйретіп жүрген Көпболсын Асқаров, Кеңес Искаков, Әділхан Оразалин сынды азаматтарды мақтанышпен атай аламын. Өндірісте еңбек ету оңай емес.  Нағыз қара күшті қажет ететін өндіріс үрдістерінде ерлермен қатар, әйелдер де жүреді. Бірақ, қазір көп жұмыстар заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мен мысалы, ДМ-45 бұрғылау қондырғысының автоматты тетіктері арқылы,  арнайы берілген жұмыс жобасымен ұңғымаларды бұрғылаймын. Бізден кейін жару жұмыстары жүргізіліп, одан кейін алынған кен экскаватормен тиісті жерлеріне тасымалданады. Бұрғылау жұмысы тек қана ұқыптылықты ғана емес, сақ болуды да талап етеді. Оның барлығы жұмыскер денсаулығы мен өміріне зиянды қауіпті заттар мен нысандардан төнген қауіп, қатерлердің алдын алуға бағытталуы тиіс, – дейді әке жолын қуған бұрғылаушы Асқар Әбдіманатұлы.

Өндірістің тек қауіпсіздігін ойлап, ұқыптылық пен сақтықты жанына жалау еткен білікті маманның Жәйрем комбинатына сіңірген бар еңбегі бағаланып, биылғы жылғы Металлургтер күнінде кеудесіне ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі ілінді.

Асқар Әбдіманатұлы жары Арайлыммен 3 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ұлы Болат Әбдіманат білімі жоғары, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның Полиметалл байыту фабрикасында еңбек етеді. Үлкен қызы Аружан білімі жоғары маман, комбинатта офис-менеджер. Кіші қызы Асилия 6 сынып оқушысы.

Бұрғылаушы азамат бос уақытында үйдегі азын-аулақ малына, бау-бақшасына қарайды.

Еңбекқор ағамызға біз сәттілік тілей отырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондыратын берекелі де, несібелі отбасының қожайыны болуды, ардагер бұрғылаушы атануды шын жүректен тілейміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА, «Жәйрем кен байыту

комбинаты» АҚ

Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының

орынбасары.