Ақынмен өткен әсерлі кеш

Мұғалім – қасиетті ұғым. Ұстаз – киелі тұлға. Себебі, ұлы ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, әкім де, министр де, бәрі-бәрі ұстаздан білім алып, тәлім көрген. Халықаралық Қарттар күні мен Ұстаздар күнінің қарсаңында №1 жалпы білім беретін мектебінде «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты ардагер ұстаз, өлке қаламгері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қоғам қайраткері, драматург, облыс әкімінің «Үздік қаламгер» номинациясының иегері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Төлеухан Ілиясұлымен кездесу өтті.

Кешке ұстаздар мен оқушылар қатысты. Айтулы іс-шарада мектеп директоры Жұмакүл Жандәулетқызы Ахметова сөз сөйлеп, ақынмен кездесу кешін салтанатты түрде ашып берді. Іс-шара оқушылар дайындаған концерттік бағдарламамен басталып, мектеп оқушылары өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетіп, би де билеп, ән де шырқап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кездесу барысында мектеп оқушылары білім саласында 22 жылдан аса аянбай еңбек еткен, ақын қаламынан мың бес жүзден астам мақала, жиырма алты кітаптары жарық көрген Төлеухан Ілиясұлына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште оқушылар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын танысты. Кездесуге қатысушылар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, өлеңдерінен рухани сусындап, керемет әсер алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақын шығармашылығындағы жырларды тыңдап, өнер иесінің өрелі өлеңдерімен сусындап қайтты.

Мөлдір ОРАЗАЛИНА,
№1 ЖББМ кітапханашысы.