Халқы сүйген қаламгер

Қазақтың баласымын  «елім»  деген,

Жасымнан қазағымның  қамын жеген.

Бергенімнен берерім әлі де көп,

Қазақ үшін аянбаймын,жанды берем.

Қазан айының 31 күні Қаражал қаласының  орталық кітапханасында «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» демекші, жергілікті ақынымыз Төлеухан Ілиясұлының шығармашылығына арналған «Халқы сүйген қаламгер» атты кездесу кеші өтті.

Кештің мақсаты – жастарды ақынның шығармашылығымен таныстыру, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту. Бұл кешке тау-кен колледжінің студенттері қатысты. Студенттер ақын өлеңдерін тыңдай отырып, жасынан өлеңді серік еткен ақын, жазушы ағамыздың шығармашылығынан біршама мағлұмат алды. Кеш барысында ақынның өмірбаяны жайлы айтылып, шығармашылығымен танысты. Төлеухан Ілиясұлы кітапхана қорына «Әкемнің даналық сабақтары», «Бар байлығым ғұмырым» атты екі жаңа кітабын сыйға тартты. Осы кітаптардың мазмұнына және өз шығармашылығының әрқайсысына тоқталып өтті. Ақынның жүрекжарды өлеңдері оқылды.Сырлы сұхбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысымен, рухани әлемімен жақын таныса алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен рухани сусындап қайтты. Кеш барысында кітапханамыздың директоры Тлеухор Байшукенова ақын шығармашылығына табыс тілеп, жылы  лебізін білдірді. Ақын өз кезегінде жиналған жастарға ризашылығын білдіріп, ақ тілегін арнап, кітаптарын кеш конақтарына сыйға тартты. Соңында ақынмен кеш қонақтары естелік суретке түсті.

Мадина АЙТБЕКОВА,

Қаражал қаласы орталық кітапханасының

библиографы.