Ержан ЕРЕНҒАЙЫПОВ: «МЕН БҰЛ ЖЕҢІСІМДІ туған қаламның мерейтойына арнаймын»

Үстіміздегі жылдың 28-29 сәуір аралығында Кувейт Мемлекетінің астанасы Әл-Кувейт қаласында дзюдодан қыздар мен ерлер арасында «Азия кубогы-2023» спорттық додасы өтті. Осы байрақты бәсекеге Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы да барып қатысып, үлкен жетістікке қол жеткізді.

Азия құрлығынан 27 елден қатысқан 150-ден астам дзюдошылардың қатарынан Қазақстанның Ұлттық құрамасы 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Сол алтыннан алқа таққандардың арасында біздің жерлесіміз, Қаражал қаласының тумасы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Еренғайыпов та бар. Спортшыларымыз елге оралысымен біз жерлесімізге қоңырау шалып, жеңісімен құттықтап, спорттағы қадамдары жайлы әңгімелескен едік.

– Ержан бауырым, халықаралық байрақты бәсекеде бәсіңнің басым түсуімен құттықтаймыз.

– Рахмет. Бұл менің ғана емес, елімнің жеңісі деп білемін. Біздің құрама тұтастай жақсы нәтиже көрсетті. Ал, мен өз жеңісімді туған қалам – Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына тарту етемін.

– Әп бәрекелді. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» деген сөз осындайда айтылатын шығар. Ал, енді өзің жайлы берер ауыз айтып өтсең. Қалы кілем үстінде қай жасыңнан бастап жүрсің?

– Мен, 1992 жылы Қаражал қаласында дүниеге келдім. Әкем Нұрлан Отарбаев пен анам Алтын Мамыраева осы қазыналы өңірде еңбек етті. Ол кісілер негізі Жаңаарқа ауданының Ақтау деген жерінде туып өскен. Кейін Қаражалға көшіп келіпті.

Менің күреске келуіме негізі атам – Еренғайып деген кісі себепкер болды. Ол кісі Қаражалда мектепте мұғалім болған еді. Мен жеті жасқа толғанда осы қаладағы білікті жаттықтырушы Дүйсен Тәжікеев ағаға алып келіп тапсырды. Содан бері өзіңіз айтқан қалы кілемнің үстінде жүрмін.

– Жақсы екен. Содан бері талай белдесулерді өткізген шығарсың. Сол жекпе-жектерде жеткен ең алғашқы жеңісің есіңде ме?

– Әрине. Ондай сәттер еш ұмытылмайды ғой. Әлгінде, күреске жеті жасымда келдім дедім ғой. Үш жылдай кішкентайлар тобында жаттықтым. Сол топта жүріп қалалық біріншілік өтті. Мен іріктеу жарысында айқын жеңістермен финалға шықтым. Бірақ қарсыласым өзімнен ересек болды. 25 келі салмақта татамиге шығып едім. Ересектігін жасап, басым түсті де екінші орын алдым. Бұл маған сабақ болды. Мәселе жастың ерекшелігінде емес, айла-тәсілдердің басымдығында екенін ұқтым. Сөйтіп дайындығымды бұрынғыдан да шыңдай түстім.

– Күресте жақсы нәтижелерге жетуің қай кезеңдерде басталды. Қандай спорттық дәрежелерің бар?

– Балалар мен жасөспірімдер тобында жүргенде жарыстарда аса жоғары нәтижелерге жете алмадым. Сірә, бұл кездері күреске аса ден қоймаған да шығармын. Алайда, ересектер тобына өткенде жолым ашылды. Ұлттық құрамаға алындым. Елімізде, таяу, шалғай шет елдердегі жарыстарда үшінші орындар алып жүрдім. Бұл күреске енді келіп, толыса бастаған спортшы үшін жаман жетістік емес еді. Жақсы жетістіктерге жетуге күш салдым. Жаттықтырушым Дүйсен аға барын салып баптады. Нәтижесінде Әлем, Еуропа чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінде күміс, қола медальдарға ие болдым. Әуелі спорт шебері, кейін халықаралық спорт шебері атақтарын қорғадым.

– Кувейтте өткен жарыс қалай болды. Кімдермен белдесіп, кімдердің тізесін бүктірдің?

– Бұл ашық Азия кубогы болғандықтан Азия құрлығынан 27 елден 150-ден астам дзюдошылар қатысты. Осы байрақты бәсекеде  біздің Ұлттық құрама тамаша нәтиже көрсетті. 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алдық.

Мен өзім бірінші кездесуде Кувейт елінің балуанымен белдесіп айқын басымдықпен жеңдім. Ал екінші айналымда қарсыласым Гон-Конгтың спортшысы болы. Оны да таза жеңіспен ұтып, түркімен жігітпен қалы кілемде кездестім. Оны да айқын басымдықпен жеңіп жартылай финалға шықтым. Мұнда кәріс балуаны қарсыласым болды. Нәтижесінде таза жеңіспен ұтып финалға өттім. Финалда өзіміздің қазақстандық балуан Қанат Сейілхан деген азаматты ұтып, жеңіс тұғырына көтерілдім.

– Бәрекелді. Ал енді қазір қайда жүріп жатырсың. Қаражалда туып-өскеніңмен Астана жаққа кетіпсің…

– Иә, қазір ел ордасында еңбек етіп жатырмын. Қазақстанның ұлттық құрамысының сапындамын. Оның үстіне әскери самбомен де шұғылданып жүрмін. Жалпы, мен дзюдомен ғана емес қазақ күресімен де айналысамын. Бұл салада да жетістіктерім бар. Кәсіби спортшы болу үшін үлкен дайындық керек. Үлкен дайындық жасауыма үлкен қаланың да ықпалы зор. Сондықтан Астанаға келіп жұмысқа орналастым.

Әрине, қай жарысқа барсам да ең әуелі өзімді бала жастан баулыған Дүйсен ағамен ақылдасып, кеңес алып отырамын. Сол кісінің жасап берген жоспары бойынша жаттығамын. Бүгінгі жеңіске жетуімнің өзі ең әуелі Алланың қалауы, одан кейін осы Дүйсен ағаның еңбегі деп білемін.

– Алда қандай жоспарларың бар?

– Әл-Кувейт қаласында өткен «Азия кубогы-2023» ірі халықаралық спорттық сайысы. Осы додада Қазақ елінің көк туы  Кувейт көгінде бірнеше рет желбіреді. Бірнеше рет Әнұраны шырқалды. Әлемнің өзге аймақтарында да Отанымыздың көк туын желбіретуге үлес қосу басты мақсатымыз.

Әл-Кувейт қаласындағы байрақты бәсекеден кейін Қазақстанның Ұлттық құрамасын Қазақстан Республикасының Кувейт мемлекетіндегі елшілігі арнайы келіп құттықтады. Бұл да біз үшін үлкен мәртебе. Сол жолы мәртебелі меймандар Қатар астанасы Доха қаласында өтетін  дзюдодан Әлемдік чемпионатта да жеңіске жетуімізге тілектестігін білдірді. Үстіміздегі жылдың 7-14 мамыр аралығында өтетін Әлем чемпионатына Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының дзюдошылары да қатысуға қамдық жасамақ. Қазір осы байрақты бәсекеге дайындық жұмыстары басталмақ.

– Әңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.


Тақырыпты тұздықтау 

ШӘКІРТТІҢ ЖЕҢІСІ — ұстаздың жемісі

Чемпионмен әңгімеден кейін біз іле-шала оның жаттықтырушысы Дүйсен Тәжікеевке де қоңырау шалып, шәкіртінің жеңісімен құттықтадық.

– Шәкірттің жеңісі, ұстаздың жемісі ғой. Осынша жыл еңбегіңді сарп етіп, үлкен үміт күткен шәкірттерің топ жарып жатса ұстаз үшін одан асқан бақыт бар ма. Ержанның Кувейттегі жеңісін естіп мен де балаша қуандым. Шәкіртім бірінші рет топ жарып тұрғандай күй кештім. Ал, негізінде ол бұған дейін де талай биіктерді бағындырған балуан. Иә, балуан деп нық айта аламын.

Осы Ержанды атасы Еренғайып аға қолынан жетелеп әкеліп маған тапсырып еді. Баяғының шалдары сияқты «Еті сенікі, сүйегі менікі. Мына баланы адам ет» деген болатын. Ерекеңнің жалғыз Ержаны ғана емес оның туған бауырлары Арман мен Қылыш та менің қарамағымда дайындалған еді. Үшеуі де мықты. Арман көзге ерте түсе бастады. Әртүрлі деңгейлердегі жарыстарды ұта бастады. Ол Ержаннан ересектеу еді.

Ержаннан да мен үлкен үміт күттім. Өте еңбекқор. Айтқаныңды қалт жібермей қағып алады. Тиянақты орындайды. Алдына үлкен мақсат қойды. Қазір сол мақсаттарына ептеп-ептеп жетіп жатыр. Ол өзі спорттың үш түрінен – қолма-қол жекпе-жек, самбо және әскери самбо күрестерінен спорт шебері. Екі түрінен, яғни дзюдо мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі жыл болды Қазақстанның ұлттық құрама командасының қатарында жүр. Мына, Кувейттегі жарыста чемпион болып, халықаралық спорт шебері деген атағын тағы сәтті қорғап шықты. Ол алдағы жарыстарда да осындай жеңіс тұғырларынан көріне береріне менің сенімім зор. Соған тілектеспін де. Мүмкіндігі болып жатқанда әркез ақыл-кеңестерімді айтып, жол сілтеп отырамын.