Отты жылдардағы алғашқы қадам

Өлке тарихы отты жылдармен тоғысқан осынау алтын бесік Қаражалымыздың Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі орасан зор.  Сұрапыл соғыстың нағыз шиеленіскен шешуші сәттеріне дәл кезең еді. Әлі де болса біздің майдан шебі кері шегініп, басқыншылардың соққысына тойтарыс бере отырып, қарыс адым жерді жау қолына бермеу  үшін жанталасқан ауыр уақыт. Осындай сын сағаттарда елімізде жер-ана қойнауының  қазбаларын игеру  партияның басты бағыттарының бірі болып саналды.

 

1942 жылдың маусым айында  Н.К. Спицын бастаған геологиялық барлау экспедициясы өңірімізде құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бірнеше ай ішінде құрылыс цехы мамандармен жасақталып, тамыз айында тас қалаушылар, сылақшылар, бұрғылаушылар, балташылар, темір жонушылар,  забойшылар, тау-кен жұмысшыларымен барынша толықтырылды. Жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі,  уақыттың тығыздығы мен қиындығына қарамастан  қу далада қызу еңбек   басталды. Тек қана адам күші ғана емес құрылыс материалдары мен құрал-сайманның да жоқтығы бөгет бола алмады. Елсіз, сусыз, жолсыз  далада  сұрапыл соғыстың қиындығына мойымаған аптал азаматтар адам төзгісіз ауыр жағдайда қажетті құрал-жабдықтар Жаңаарқадан ат арбамен жаяулап-жалпылап тасыды. Бөлінген бірлі жарым жүк  машиналарымен тек қана ауыр құрылыс заттары тасымалданды. Қыркүйек айында құрылыс жұмыстары мен барлау-бұрғылау жұмыстары қарқынды жүріп, біршама жертөлелер мен нысандар бой көтеріп, алғашқы қазба жұмыстары да жоспар бойынша жүзеге асырылды. Қазан айында  алғаш маргенец рудасы беріліп, Қаражал мен Үлкен Ақтай арасына жүк қатынасын байланыстыратын жол торабы қалыптасып, әрбір 3 шақырым сайын бекеттер салынып оларға қараған отын сақталды. Өндірілген өнім Жаңаарқаға құрылыс материалдарын әкелген көлікпен қайта жөнелтілді.  Жүк көліктерінің жетіспеушілігіне байланысты ат арбамен, түйе арбамен де тасымалданды. Соғыс жағдайына байланысты азық-түлік нормасы белгіленіп, қысқы жылы киім, малақайлар мен пималар жеткізілді. Қатаң климат жағдайы,  қыс айларының шытыр аязы мен дүлей бораны сол жылы ерекше байқалды. Жаураған  жұмыскерлерге жылы киім жеткіліксіз болды.  Сол себепті ішкі ресурстарды жинақтау есебінен 50 жұп шұлғау, 60 бас киім малақайлар, 30  байпақ, 50 жұп ақ матадан жасалған ішкі жейде мен шалбар таратылды. Бұл киімдердің көбі бұрын қолданыста болған заттар еді.  Міне, осындай адам тағдырының сынаққа түскен шақтарында біздің өңірден алғашқы маргенец рудасы жөнелтілді.  Қазан айындағы 120  тонна игерілген алғашқы руда біздің кеншілер үшін үлкен жеңіс болып есептелді.

Сол алғашқы өндіріске халық шоғырланып, құрылысшыларға үй-жай қарапайым барактар, жатақханалар, асханалар  мен қоймалар салынды.  Шағын ғана кеншілер ауылы күн санап құрылыс ауқымымен қатар қарқынды өсе берді.  Жоспарға сәйкес желтоқсан айында Қылыш елді мекенінде барлау жұмыстары басталды. Жоспар орындау мақсатында жұмыс барысында қатаң тәртіп сақталды, еңбек тәртібін бұзғандардың ісі  бірден сотқа жіберіліп, соғыс уақытының қатаң заңы бойынша  Жоғарғы Кеңес Президиумының шешімімен жазалап отырды. Қысқы ауыр жағдайларға байланысты құрылыс және бұрғылап-қопару жоспарының орындалмауына байланысты 1943 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап бұрғылаушылар 9 сағаттық, ал қосалқы жұмыс атқарушылар 10 сағаттық жұмыс күніне ауыстырылды. 1943 жылдың  31 тамызынан бастап Батыс Қаражал барлау бұрғылау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, тұрғын үйлер мен асхана, басқа да қажетті орындардың құрылысы жалғаса берді. Құрылыста адам саны мен отбасылы жанұялардың шоғырлануы азық-түлік тапшылығына әсер етті. 1943 жылдың 30 қарашасынан бастап  нанның нормасы қысқартылды: бірінші санатты жұмысшыларға  алғашқыда 0,8 кг берілсе, ол норма  0,7 кг, қызметкерлер нормасы 0,5 – 0,45 кг, қарттар мен балаларға 0,4 – 0,3 кг  азайтылды. Нанды алдын ала беру мүлдем тоқтатылды.  Жер асты жұмысшылары мен забойшыларға 1943 жылдың 13 желтоқсанынан  жоспарды  асыра орындағандарға  ғана 1кг өлшемінде нан берілді.  Ал жоспарды 200 пайыздан асыра орындаған Стахановшыларға негізгі тамаққа қоса үшінші мәзір ет тағамдары берілу  ұйғарылды.

1944 жылдың   1 мамырынан бастап  су тапшылығы туындап, жұмыс барысында қиындықтар туғызды. Сондықтан су, қараған, көмір, моншаға жуыну арнайы ақылы биркалар арқылы жүзеге асты. Бір шелек су – 10 тиын, бір шелек көмір – 40 тиын, 1мқараған – 2 сом 70 тиын, монша – 1 сом болып бекітілді.  Міне, осындай соғыс жағдайындағы ауыр кезеңдердің өзінде сол заман адамдарының қажырлылығының арқасында біздің өңірдің жаңа тарихының парақтары басталды. «Бәрі майданға!»  деген ұран естен шығарылмай жаңа кен орнын барлаушыларға  қайла мен күректің өзі есеппен беріліп,  әрбір жұмысшының ішкен суы мен жеген наны да нормадан асқан емес. Отбасы мүшелеріндегі қариялар  мен балалардың да еңбекке араласқан кезеңдері аз болған жоқ. Осындай уақытта қандай қиындыққа болсын мойымаған  азаматтардың ерен еңбегінің арқасында өлкенің ертеңгі болашағы айқындалып, аймағымыздың іргетасы қаланды.

Сұрапыл соғыс жылдарына қарамастан Атасу геологиялық барлау экспедициясы алдарына партия қойған міндеттерді  орындап отырды. 1945 жылы барлық  жұмыстар бойынша жоспар 130 пайызға асыра орындалып жеңіске деген үлкен сый тартылып озық еңбеккерлер марапатталды. Еңбек майданы мен соғыс даласындағы сын сағаттар жаңа кенді өлкенің өркендеуіне кедергі келтіре алмады. Ауыр еңбек, қан майданмен сабақтас болған Қаражалымыздың алғашқы қазығын қағып, іргетасын қалаған аптал азаматтардың ерен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Барлығын  тізбектеп жазбаса да әрқайсының есімі ел аузында, қала тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

Соғыс аяқталған соң кенді өлкенің дамуы қарқындай түсті. 1949 жылы  Жаңаарқа-Қаражал шойын жолын салу жұмыстары басталды. Елуінші жылы Жаңаарқа ауданына қарасты елді мекен Қаражал қала тектес кент қатарына кіргізіліп, Ақтай елді мекені оның құрамына енді. Шағын кент тұрғындарының қажырлы еңбегінің арқасында өркендей келе, 1963 жылы қаңтар айында Қаражалымызға қала мәртебесі берілді. Содан бері талай өзен тасып, талай кезең артта қалды. Қаламызда зәулім бес қабатты үйлер мен әсем ғимараттар бой көтерді. Даңқы асқақтаған сонау сексенінші жылдар мен  құлдырап, қаңырап бос қалған үйлер  мен тоқсаныншы жылдар да әлі күнге жадымызда. Уақыт сынынан сүрінбей өткен шағын болса да әрбір тұрғыны үшін жүрегінен ерекше орын алатын осы алтын аймақтың бүгінгі күні 60 жылдық шежіресіне баршамыз қанықпыз. Ендеше, осынау елдің тал бесігіне айналған кенді өлкеміздің дәулеті асқақтап, даңқы шарықтап, гүлдене берсін.

Талғат ҚАСЫМОВ,

Қаражал қаласының мемлекеттік архивтің басшысы.