Мәңгі ұмытылмас мереке

Естен кетпес ең сұмдық соғыстың болып өткеніне биыл 78 жыл толды. Яғни, Ұлы Жеңіске — 78 жыл болды. Өкініштісі, сол Жеңісті алып берген майдангерлер, соғыс ардагерлері арамызда жоқ. Бірақ біз олардың ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз. Олар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!..

 

Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Сол заманда қаншама жанның өмірі қиылды, қаншама жан мүгедек халге түсті. Тіпті, аман-есен оралып келгендердің ойларында от оранған күндердің елесі қалды. Мәселен, менің Әбдікәрім әкем сұм соғыстан бір аяғынан айырылып оралды. Дәл жанынан жарылған снаряд оң аяғын қара санынан жұлып әкеткен. Соның салдарынан ауыр контузия да алған. Кейде ашуға булыққанда өз-өзіне ие бола алмай, қалшылдап кетеді. Біздің үрейіміз ұшатын. Сол соғыстың ізі бұл өмірден өткенше жоғалмады. Бірақ, бір ғажабы Әбдікәрім әкем жыл сайын Жеңіс күніне арналған парадқа барар кезде сұмдық күндерді, сол күндерде қасында болған жолдастарын еске алып, әр жылғы Жеңіс күнін жеңіске жаңа ғана қол жеткізгендей ерекше сезіммен қарсы алатын. Біз ол кездері бес-алты жастағы бала едік. Әкеміздің сол бір сезімдеріне аса мән бермейтінбіз. Кейін өсе келе ол кісінің әсерлі әңгімелерін естіп, Жеңіс күнінің қаншалықты ерекше күн екендігін түсіндік. Енді біз сол әкенің әңгімесінен ұққанымызды, сезініп-түсінгенімізді бүгінде балаларымызға әңгімелеп отырамыз. Менің ойымша, бүгінгі жастардың әрқайсысының ата-әжелерінен естелікке қалған «Жеңіс күні» туралы ерешке ұғымдары бар. Ендеше, бүгінгі бейбіт күніміз үшін біз оларға мәңгі қарыздармыз деп ойлаймын.

Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген перзенттік парыздарын, ұлттық мақтаныштарын дәлелдеді. Біздің ата-әжелеріміздің ерліктері мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі деп ойлаймын.

Жеңіс күні – абырой мен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік сұм соғыста Жеңіске жеткізді. Сондықтан, 9 мамыр – мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы, бұл жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ерен еңбек.

Біздің азаматтық парызымыз – бұл күнді мәңгілік есте сақтау, Отанды сүю, елдің, жердің адал перзенті болу.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ