Ерлік пен қасіреттің 40 жылы: Чернобыль сабағы

1986 жылдың 26 сәуірі – адамзат жылнамасына «қаралы күн» болып енді. Украинаның Припять қаласы маңындағы Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында орын алған жарылыс әлемді дүр сілкіндірді. Бұл апат Хиросимаға тасталған бомбадан 400 еседен де артық радиациялық ластану әкеліп, адам мен атом арасындағы тепе-теңдіктің қаншалықты нәзік екенін көрсетті.

Алайда, осы сұрапыл қасіреттің бетін қайтарған – техника емес, адамның қайсар рухы еді. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан жиналған 600 мыңнан астам «ликвидаторлар» көрінбейтін жаумен бетпе-бет келіп, өз денсаулықтарын құрбан ете отырып, әлемді жаһандық экологиялық апаттан арашалап қалды.

Арада қырық жыл өтсе де, сол бір отты жылдар қаһармандарының ерлігі — ұрпаққа ұран, тарихқа тағылым болып қалмақ.

Осы өшпес ерлікті ұлықтау мақсатында ағымдағы аптада Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында «Ерлікке тағзым» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.

Шара шымылдығы экраннан көрсетілген қасіретті жылдар шежіресімен түріліп, жиналған қауым апат құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Қаражал төрінде апаттың 40 жылдығына орай өткен салтанатты шарада қала әкімі Айқын Елеусізов сөз сөйлеп, ардагерлердің ерен еңбегі мен батылдығына айрықша тоқталды.

Қала басшысы өз сөзінде:

– Сіздердің көрсеткен қаһармандықтарыңыз бен жанқиярлық еңбектеріңіз — бүгінгі ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Сол бір сын сағаттағы ерліктеріңіз ел жадында мәңгі сақталады. Біз сіздердей рухы биік жандарды мақтан тұтамыз, — деп атап өтіп, ардагерлерге зор алғысын білдірді.

Айтулы дата аясында апат зардабын жоюға қатысқан қаражалдық азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

Атап айтқанда, Николай Максимов мерейтойлық медальмен және Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталса, Берген Кулжанов пен Андрей Носков қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Бұл марапаттар — ардагерлерімізге деген шексіз құрмет пен олардың өлшеусіз еңбегіне көрсетілген лайықты тағзымның белгісі.

Қалалық Қорғаныс бөлімінің басшысы Арман Мақажанов ардагерлерге әскери борышқа адалдықтары үшін алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.

Кеште оқушылар мен ардагерлер арасында ашық сұхбат өрбіді. Жастар батырлардан сол күндердің қиындығы мен ерліктің мәні туралы сұрап, тұщымды жауаптар алды.

№ 1 тірек мектебінің оқушысы Ұлжан Төлеутаеваның «Чернобыль» атты арнау өлеңі көпшіліктің тебіренісін тудырды.

«Ерлік – ел есінде, батырлар – халық жүрегінде».

Бұл кеш өткенге тағзым етіп қана қоймай, бейбіт күннің қадірін ұғындырған маңызды шара болды. Қаражалдық ардагерлердің өшпес ерлігі мен қажырлы қайраты — өскелең ұрпақ үшін мәңгілік өнеге мектебі болып қала бермек.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ