Ел іші – өнер кеніші

Осы сөздің риясыз шындығана өнерсүйер қауым тағы бір рет көз жеткізді. Ал, оған «Ұлы дала өнері» деген атпен өткен көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылық байқауы айқын дәлел бола алды.

Орайы келгенде айта кетейік, үстіміздегі жылы облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыс аудандары мен қалалары көркемөнерпаздары ұжымдарының шығармашылығына арналған «Ұлы дала өнері» атты фестиваль-байқау өткізілген еді. Бір айға созылған осы өнер додасы өткен аптада өз мәресіне жетті. Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде жеңімпаздар марапатталып, өнер фестивалі байқау барысында айрықша көзге түскен көркемөнерпаздар ұжымдары мен жеке орындаушылардың қатысуымен өткен Гала концертпен түйінделді.
Салтанатты шарада қолөнер шеберлерінің көрмесі де өткізілді. Оған облыс аумағындағы суретшілер, сәндік қолданбалы өнер шеберлері, зергерлер, өрімшілер мен ұсталар қатысып, өз қолдарынан шыққан ту­ындылары мен бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
«Ұлы дала өнері» фестиваль-­байқауы көркемөнерпаздар ұжым­­дары мен халық шығарма­шы­лығын одан әрі дамыту, Қа­зақстан халқының мәдени мұ­раларын насихаттау, ел ішіндегі жаңа таланттарды анықтап, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, фестиваль аясында клубтық үлгідегі мәдени-демалыстық мекемелерін одан әрі жаңғыртып, әлеуметтік жағдайын жақсарту және клуб қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың арасындағы үздіктерін анықтап, ынталандыру мақсатымен «Өнер патшалығы» байқауы да қоса өткізілді. Осыған орай, қазылар алқасы үстіміздегі жылғы қыркүйек айының 8-і мен 29-ы аралығында облыстың аудан-қалаларына арнайы барып, көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылығын және мәдениет мекемелерінің жұмыстарын барынша саралап, байқау қорытындысын шығарған болатын. Бір айтарлық жай, байқау барысында өнерпаздардың репертуары мен сахна костюмдерінің жаңарғаны да концерт кезінде анық байқалып тұрды», дейді облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының мамандары.
Фестиваль-байқауды өткізу ережесіне сәйкес жеңімпаз ұжымдар ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды. Бас жүлдеге лайықты деп танылған Жаңаарқа ауданы мәдени-сауық орталығының көркемөнерпаздар ұжымына 1 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды. Аталмыш ұжым үздіктер ретінде облыстың қалалары мен аудандарында өнер көрсетуге жолдама да алды.
Ал, әрқайсысы 800 мың теңгелік жүлдесі бар екі І орынды Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығы мен Ұлытау ауданының Мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымы өзара бөлісті. Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы көркемөнерпаздар ұжымына ІІ орын (600 мың теңге), Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығына ІІІ орын (400 мың теңге) берілді. Сонымен қатар, өнерімен ерекшеленген жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарына ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
«Өнер патшалығы» байқауына қатысқан мәдениет мекемелері де сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Олар арнайы номинациялар бойынша ақшалай сыйлыққа ие болды. Мәселен, Ұлытау ауданының Мәдениет үйі «Ең үздік мәдениет үйі» номинациясына, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығы «Ең үздік мәдени-сауық орталығы» номинациясына ие болып, әрқайсысы 1 млн. теңгеден ақшалай жүлдені еншіледі. «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациясы Жаңаарқа ауданының Түгіскен және М.Жұмажанов ауылдарынының Мәдениет үйлеріне, «Ең үздік ауылдық клуб» номинациясы Ұлытау ауданының Сарысу және Шеңбер ауылдарының клубтарына табысталды. Олардың барлығы 500 мың теңгеден сыйлық алды.

Ізбасар ОЙБАС.