Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай 12–21 сәуір аралығында «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» тақырыбында онкүндік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталған шаралар аясында жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, рухани дүниесін байыту және әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыру басты мақсат ретінде қойылған.

Осы игі бастама шеңберінде №1 Тірек мектебінің 5 «А» сынып оқушылары қаламыздың орталық кітапханасына танымдық саяхат жасады. Бұл сапар оқушылар үшін ерекше әсерге толы, мазмұнды кездесу болды.

16 сәуір күні кітапханада «Балалар жазушыларымен танысу» атты тақырыпта арнайы таныстыру сағаты өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды белгілі балалар жазушыларының шығармашылығымен таныстыру, жаңа есімдерді насихаттау және кітапхана қызметкерлерімен еркін сұхбат алаңын қалыптастыру болды.

Таныстыру сағаты барысында оқушылар қазақ және әлем балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы тың мәліметтер алып, олардың шығармаларының мазмұны мен тәрбиелік мәніне тереңірек үңілді. Әсіресе, әр шығарманың бала санасына берер тағылымы, адамгершілік құндылықтарды дәріптеудегі рөлі кеңінен әңгімеленді.

Кездесу барысында оқушылар өздеріне ұнаған кітаптар жайлы пікір алмасып, оқыған шығармалары бойынша ойларын ортаға салды. Бұл олардың кітапқа деген қызығушылығының арта түскенін аңғартты.

Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мазмұнды сұхбат жүргізді. Шараға қатысқан оқушылар белсенділік танытып, өз ойларын еркін жеткізе білді. Әр оқушының кітапқа деген көзқарасы, оқуға деген ынтасы айқын байқалды.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына, сөздік қорын байытуға және әдеби талғамын қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Жалпы, ұйымдастырылған бұл іс-шара оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытуға үлкен үлес қосты. Кітап – адамзаттың асыл қазынасы десек, сол қазынаны қадірлей білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ