Қазіргі еңбек нарығы – мүмкіндіктер мен негізгі міндеттер

Бүгінгі таңда еңбек нарығы қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Еңбек нарығы – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін негізгі орта.

Бүгінгі күні еңбек нарығы жаңа мүмкіндіктерге толы. Жұмыс берушілер «Еңбек KZ» платформасы арқылы қажетті мамандар бойынша бос жұмыс орындарын жариялайды және олар жұмыссыз жүрген азаматтарға қолжетімді.

Тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Жұмыс таппаған жағдайда мемлекет тарапынан жақсы жобалар бар, олар: «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі».

Сонымен қатар, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында «Ерікті түрде қоныстандыру» бағдарламасы аясында мемлекеттен көші-қон субсидиялары қарастырылған. Атап айтқанда, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК, яғни 302 мың 750 теңге беріледі.

Сондай-ақ, тұрғын үй жалдауға 15-30 АЕК көлемінде қолдау, үй алуға немесе салуға экономикалық мобильділік сертификаты 1625 АЕК, яғни 7 млн 28 мың 125 теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, қоныс аударған отбасылар үшін қайтарымсыз грант алу мүмкіндіктері бар.

Тағы бір маңызды мүмкіндік – кәсіптік білім алу және қайта даярлау бағдарламаларының қолжетімділігі. Қысқа мерзімді оқыту курстары жұмыссыз азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге көмектеседі. Бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды.

«Мансап орталығы» арқылы шәкіртақы төленеді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға 400 АЕК мөлшерінде, яғни 1 млн 730 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұсынылады. Бұл жеке кәсіп ашуға мүмкіндік береді.

Алайда, қазіргі еңбек нарығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – жұмыс күшінің сапасын арттыру. Кейбір жағдайларда жұмыс берушілерге қажетті білікті мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу қажет.

Жастарды еңбекке баулу және олардың кәсіби бағдарын дұрыс анықтау да маңызды. «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы бітірген мамандығы бойынша жас маман жұмыс берушіге жолданып, тәжірибелі тәлімгердің арқасында тәжірибе жинап, өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа тұруға үлкен мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, еңбек тәртібін сақтау және жұмысқа жауапкершілікпен қарау да еңбек нарығының тұрақтылығына әсер етеді.

Қазіргі еңбек нарығында икемділік те үлкен рөл атқарады. Азаматтар жаңа жағдайларға тез бейімделіп, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Өмір бойы білім алу қағидасы еңбек нарығында табысты болудың негізгі шартына айналып келеді.

Қорытындылай келе, қазіргі еңбек нарығы – көптеген мүмкіндіктерге толы жүйе. Дегенмен, оның тиімді жұмыс істеуі үшін негізгі міндеттерді дұрыс анықтап, жүзеге асыру қажет. Білікті мамандарды даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту – еңбек нарығын жетілдірудің негізгі бағыттары болып табылады.

Гүлнар САГИНТАЕВА,
Қаражал қаласы «Мансап орталығы» филиалының басшысы.