Ауғанның отты жалыны

2024 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Бұл айтулы да қаралы дата. 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған Ауған соғысы Кеңес әскері үшін әрбір жауынгердің ерлігі мен туған жерге деген адалдығы арқасында еңсерілген сынақ болды. Солдаттар мен офицерлер ауғандық бейбіт тұрғындарды қорғау үшін үйлерінен мыңдаған шақырым жол жүріп өтті.

Біздің өңірде де сол сұрапыл соғыстың дәмін сезген ер-азаматтар да жетерлік. От пен оқтың арасында интернационалдық бо­рышын өтеп, аман-есен еліне оралғандарға жылда №1 жалпы білім беретін мектебінің төрінде құрмет көрсетіледі.
Биыл да ауған соғысының ардагерлерін мектебіміздің іс-шара залында зор ілтипатқа бөлеп, 7 «а» сынып оқушылары «Ауғанның отты жалыны» атты концерттік бағдарлама қойып, кездесу кешін өткізді.
Жалпы кездесуді мектебіміздің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрғалы Әбікенов пен АӘД пәні мұғалімі Мейірман Серікбаев ұйымдастырды. 9 сынып оқушылары автоматты жылдамдықта бұзып-жинауды көрсетсе, 7 сыныптар ардагерлерге арналған өлеңдерін оқыды. Арасында өздерін қызықтыратын бірнеше сұрақтарын да қойып үлгеріп жатты.
— Отан алдындағы борыштарыңызды өтеп, Ауған соғысында көрсеткен ерліктеріңіз әрқашан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек. Рахмет сіздерге! – деп мектеп басшысы Жұмакүл Ахметова іс-шараны тәмамдады.
Қазір Қазақстанда 17 мыңға жуық интернационалист-жауынгер бар. Олар әртүрлі салада еңбек етеді. Қатарларында елшілер, әскерилер, прокурорлар және түрлі беделді мекемелерде еңбек еткен қызметкерлер бар. Олардың ешқайсысы 15 ақпанды атаусыз қалдырған емес. Осы күні бас қосып, Ауған жеріндегі қанды майданды, онда бірге болған қарулас достарын, ұрыс даласын еске алады. Бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік етеді.
Бүгінде ол соғысты әркім әрқилы түсінеді. Сол жат жерге аттанған отандастарымыз ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету бәріміздің міндетіміз.

Манар ӨТЕМІСОВА,
№1 ЖББМ әлеуметтік
педагогы.