Асатовтың 90 жылдығы тойланады  

Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің бірқатар азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Осы жиында Жәйрем кентінің негізін қалаушы – Садық Асатовтың 90 жылдығын атап өту мәселесі де сөз болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда бұл жолғы қабылдауға оннан астам адам келіпті. Тұрғындарды толғандырған мәселе де сан алуан көрінеді. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, спорт, туризм және мәдениет салаларына қатысты мәселелер ортаға салды.

Берік Әбдіғалиұлының қабылдауына келген Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген энергетигі Яхия Асатов біздің өңіріміз үшін көрнекті тұлға, Жәйрем тау-кен байыту комбинатының бұрынғы бас директоры – Садық Асатовтың 90 жылдық мерейтойын облыстық деңгейде атап өту туралы ұсыныс жасады.

Облыс басшысы бұл мәселені қарастырып, естелік іс-шараны өткізуге қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Өңір басшысының қабылдауында болған тұрғындарға қозғаған мәселелеріне орай облыс әкімі мен бейінді ведомстволар мен мекемелердің мамандары қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсініктеме берді.

Орайы келгенде айта кетейік, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы әр бейсенбі сайын сағат 17.00-ден бастап азаматтарды қабылдайды. Алдын ала жазылу 8 (7102) 73-56-41 телефоны бойынша жүзеге асырылады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ