Артем КИМ, делегат: «Ұлттық құндылықтар төңірегіне ұйыстырды»

Сәуір айының соңын ала Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясын өткізу дәстүрге айналды. Осы ауқымды шара биыл 32 рет жалауын көтерді. Ол – «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген тақырыппен өтті. Осы саяси маңызы зор шараға Ұлытау облысынан да бір топ делегаттар барып қатысқан еді. Солардың қатарында қос бірдей жерлестеріміз де бар.

 Сессияның екінші күнінде біз сол делегат жерлестеріміздің бірі, Қаражал қаласындағы дзюдо спорт мектебінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Артем Кимге қоңырау шалып, сессия жұмысынан алған әсерімен бөлісуді сұраған едік.

– Артем Сергеевич, ең әуелі осындай ауқымды шараға делегат болып қатысуыңызбен құттықтап қойсақ.

– Рахмет. Иә, бұл мен үшін үлкен қуаныш, әрі ұмытылмас сәт. Ең бастысы мен Мемлекет басшысын залдан көріп, оның айтқан пайымды пікірлерін естідім. Өзім сияқты еліміздің әр өңірлерінен келген бірнеше ұлт өкілдерімен кездесіп, пікір алмастым.

– Біздің Ұлытау облысынан қанша депутат қатысуда?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы ХХХІІ сесиясына Ұлытау облысы бойынша 20 делегат келді. Оның екеуі біздің Қаражал-Жәйрем өңірінен. Яғни, біреуі өзім, ал екіншісі Жәйрем комбинатынан – Наталья Дементьева.

– Сессияның алғашқы күні қалай өтті?

– Керемет. Тақырыптың өзі ауқымды. Қатысушылар да, спикерлер де Қазақстан халқына ортақ ұлттық құндылықтарды қалыптастыру керек деген әңгімені қаузады. «Қаузады» деу бер жағы, осындай бастама көтерілді. Спикерлер бұл бастаманың еліміздегі 100-ден астам ұлтты ұйыстыра түсетінін айтты. Бірлікті нығайтуға қатысты пікірталастар өтіп, өзге де түрлі ұсыныстар айтылды. Пікірсайыстың басты спикері болған Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Ассамблеяның негізгі миссиясы жайлы да айтып өтті. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі өзегі. Бұл саладағы Қазақстан халқы Ассамблеясы өз міндетін ойдағыдай атқарып, еліміздің тұрақты дамуына негізделген, үнемі ел басшылығы­ның назарындағы, ұзақмерзімді стратегиямыздағы үздіксіз үдерісі болуда, деді ол өз сөзінде.

– Осы пікір-сайыста сізге ұнағаны қандай тақырыптар болды?

– Барлық тақырып көкейіме қонымды болды. Әсіресе тілге қатысты айтылған пікірлерді ел қызу талқылады. Тілді үйрену үшін керемет оқудың қажеті жоқ, ең бастысы ынта болса болды деген пікірді мен қолдадым.

Шынында да солай ғой. Менің ұлтым – кәріс. Мектепті, университетті орысша оқыдым. Бірақ қазақ достарыммен, көршілеріммен ауызекі сөйлесе жүріп қазақшаны үреніп алдым. Қазір мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін. Кез келген адам осылай үйренулеріне болады. Тек ынта мен ықылас болсын.

– Тағы қандай тақырып жөнінде ой тарқатар едіңіз?

– Кездесуде айтылған тағы бір керемет әңгіме — бірлік пен ынтымақ жайлы болды. Өзіңіз бағамдап отырған шығарсыз, сессияның өзі – бірлік, тұрақтылық, дамуды тақырып етіп алып отыр ғой. Сондықтан да болар пікір-сайыста бүгінгі геосаяси ахуал да кеңінен сөз болды. Бір-бірімен қандас, туыстас мемлекеттердің арасындағы қырғи-қабақтық, қақтығыстар сол бірлік пен ынтымақтың әлсірегенінен болып жатқан жағдай деген әңгіме айтылды. Ал оған әртүрлі арандатушы әрекеттер себеп болып отыр. Құдайға шүкір, біздің Қазақстан мұндайдан аулақ. Десек те, арамызда арандату әрекеттері де болмай қалып жатқан жоқ. Содан сақ болуымыз керек. Бұл жерде бізге ымыра-бірлік пен татуластық, өзара түсіністік керек.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен түйгендеріңіз бар ма?

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт екенін тарқата айтты. «Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек»,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін екенін де атап өтті. Бүгінде ел арасында айтылып жүрген «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер де осындай бірлікке, ынтымаққа атүсті қараудың салдары екеніне тоқталды. «Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», – деді Президентіміз.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық Құрылтайға қосылып, оның жұмысына ұлттық диалогтың әмбебап үлгісін ілгерілетуде баға жетпес тәжірибе әкелгеніне де тоқталды. «Ассамблеяның еліміздің саяси жаңғыруында, ұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өткен жөн. Ассамблея реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге барлық этностарды тартуға ықпал етті», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, «Қазақстан өзінің геосаяси жағдайында осындай терең трансформацияларды жүзеге асыратын бірден-бір елге айналды».

«Бізге оңай болмайтыны анық, бірақ ешбір жағдайда бұл жолды терең реформаларға айналдыруға немесе қозғалысты бәсеңдетуге болмайды. Ел мүддесі бәрінен жоғары, азаматтардың мүддесі барлығының ортасында екенін әрқашан есте ұстауымыз керек. Сондықтан біздің барлық реформаларымыз, ең алдымен, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Саяси реформалар бағдарламасы барлық этностарды біртұтас ұлтқа біріктірудің жаңа нақты және тартымды тұғырнамасы болды. Саяси жүйенің жаңа моделі оған негізгі мемлекеттік институттарды қоса отырып, жақсы үйлестірілген механизмге айналуы тиіс. Дәл осы модель аясында, саяси координаттардың жаңа жүйесінде үйлесімді этносаралық қатынастар жаңаша қалыптасып, даму мен құруға бағытталған», – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының басты ұстанған бағыты  барлығымызды Ұлттық құндылықтар төңірегіне ұйыстыру болды. Ол осы үрдістен көріне алды да.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.