Қазіргі таңда Қаражал қаласында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Салауатты өмір салты жергілікті тұрғындардың күнделікті дағдысына айналып, жастардың спортқа деген қызығушылығы арта түсті. Қалада бой көтерген жаңа спорт нысандарының бірі — заманауи жүзу бассейні бүгінде жас спортшылардың шеберлігін шыңдайтын маңызды орталыққа айналды. Бұл — Қаражалдағы спорттың жаңа деңгейге көтеріліп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағыт алғанының айқын көрінісі.
Таяуда Қаражал қаласында «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жүзуден алғашқы ашық қалалық турнир жоғары деңгейде өтті. Турнирдің басты мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жүзу спортын жандандыру және өскелең ұрпақтың достығын нығайту. Жарыс жолына шыққан жас спортшылардың бойынан жеңіске деген ұмтылыс пен ерекше толқыныс байқалды.
Турнир екі жас ерекшелігі бойынша өтті. Әр топтағы бәсеке тартысты болып, қатысушылар секундтың жүзден бір бөлігі үшін аянып қалмады. Төрешілердің шешімімен төмендегі спортшылар үздік деп танылды. 10-12 жас аралығында су айдынының нағыз шебері екенін дәлелдеген Асыл Әмір алтын тұғырдан көрінді. ІІ орынды Батырхан Жиренбаев иеленсе, ІІІ орынға Рамазан Мұқажан табан тіреді. 13-15 жас аралығындағы ересек топтағы ұлдар арасында жылдамдығымен таңғалдырған Алижан Ахмедиев І орынды жеңіп алды. Күміс жүлде Нұржігіт Мұқажанға бұйырса, қола жүлдені Жалғас Көккөзов қанағат тұтты. Қыздар арасындағы бәсекеде 10-12 жас аралығында көрермендердің ерекше қолдауына ие болған Алина Самоилова мәреге бірінші болып жетті. Жүлделі ІІ орынды Дария Мұрат, ал ІІІ орынды Айлы Нұрмағамбетова иеленді. 13-15 жас аралығындағы бұл санатта нағыз лидерлік қасиет көрсеткен Вероника Рыкова турнир чемпионы атанды. ІІ орынға Анэля Алимханова жайғасса, үздік үштікті Анна Юрченко түйіндеді.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне жас спортшыларды дайындаған бапкерлердің де еңбегі зор. Бассейнде балаларды тұрақты түрде жаттықтырып жүрген тәлімгерлер шәкірттерінің әр жетістігіне қуанып, олардың спорттағы алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар беріп келеді. Жаттықтырушылардың айтуынша, жасөспірімдердің жүзу спортына қызығушылығы артып, қатысушылар саны күн санап көбейіп келеді. Қалалық бассейннің ашылғанына небәрі бір жыл толса да, осындай ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуы — Қаражалдағы спорт саласының жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Осындай жарыстар арқылы Қаражал қаласында бұқаралық спорт дамып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына да берік негіз қалануда. Бассейн әкімшілігі бұл турнирді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі жеңімпаздар ертеңгі күні облыстық және республикалық жарыстарда қала намысын қорғайтын саңлақтар болатынына сенім мол.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
