Ұлытау облысының Қаражал қаласында қалалық прокуратураның жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Өңір басшысы прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, нысан қадағалау органының жұмысын тиімді ұйымдастыруға және қызметкерлер мен азаматтарға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қолдауымен өңірімізде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік және маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Осы нысан да заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қызметке лайықты орын болсын», – деді облыс әкімі Есет Байкен.
Облыс прокуроры Жасұлан Еламанов жаңа ғимарат азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстың сапасын арттыруға және халықтың прокуратура органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Прокуратураның басты міндеті – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғау. Сондықтан жаңа ғимарат қызметкерлер үшін жайлы жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар оларға жүктелген міндеттерді сапалы әрі жауапкершілікпен орындауға мүмкіндік беретін орта болуы тиіс. Қаражал қаласының прокуратурасы алдағы уақытта да өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, халықтың игілігі үшін нақты нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін», – деді Жасұлан Еламанов.

Жалпы аумағы шамамен 220 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда қызметкерлердің жұмысына, азаматтарды қабылдауға, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өтініштерді жан-жақты қарауға қажетті жағдайлар жасалған.
