Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан U-15 жас санатындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте абыройлы ІІІ орынды иеленді. Ел намысын қорғаған жас спортшыларымыздың арасында аймақ мақтанышы – жас боксшымыз Айару Файзуллаева да бар. Ол бұл дүбірлі додада тамаша өнер көрсетіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Құрлық біріншілігінің қорытындысында Қазақстан құрамасы жалпы 24 медальға қол жеткізді. Оның ішінде 7 алтын, 8 күміс және 9 қола жүлде бар. Бұл — жас спортшыларымыздың жоғары дайындығы мен жеңіске деген жігерінің айқын дәлелі. Медальдар кестесінде жарыс қожайыны — Өзбекстан құрамасы 13 алтын, 8 күміс және 6 қола медальмен көш бастаса, екінші орынға Үндістан құрамасы орналасты. Ал Қазақстан үздік үштіктен көрініп, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Ұлдар құрамасы турнирді он медальмен аяқтап, оның бесеуі алтын, үшеуі күміс, екеуі қола жүлде болды. Ал қыздар құрамасы да осал емес екенін дәлелдеп, 2 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Дәл осы табысты құрамның бел ортасында Айару Файзуллаева ерекше көзге түсіп, өзінің табандылығы мен шеберлігін паш етті. Айта кету керек, Айару бұған дейін де халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Мәселен, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде өткен, 10 мемлекеттен келген мықтылар бас қосқан турнирде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иеленген болатын. Бұл оның болашақта үлкен спорт биіктерін бағындыра алатынын көрсетеді. Бүгінде Айару 2023 жылдан бері Қазақстан Республикасының спорт шебері атанып, кәсіби деңгейдегі шеберлігін дәлелдеп келеді. Ол тәжірибелі бапкер, Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері, «Ұлытау» бокс федерациясының вице-президенті Рымғали Мұздыбаевтың қол астында жаттығып жүр. Бапкері шәкіртінің болашағына зор сенім артып, үлкен үміт күтеді.
Айару — Ұлытау облысының бірнеше дүркін чемпионы ғана емес, сонымен қатар, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларында өткен республикалық турнирлердің жеңімпазы. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында да топ жарып, өз шеберлігін дәлелдеді. Жас болса да үлкен мақсаттарды бағындыруға бел буған Айарудың әрбір жеңісі — туған жері Жәйремнің, жалпы елдің абыройы. Оның бүгінгі табысы — тынымсыз еңбектің, қайсар мінездің және жеңіске деген шексіз ұмтылыстың жемісі. Айаруға алдағы жарыстарда да тек жеңіс тілейміз. Ел намысын биікте желбірете бер, чемпион!
Теректі ШАҒАТАЙ.
