Құрметті қала тұрғындары!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл күн – халқымыздың қайсар рухының, ержүрек батырларымыздың ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің және жеңіске деген сенімінің айғағы.

Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Жеңістің 80 жылдығын атап өту тек тарихи күнді еске алу емес, оның зардабын ұғынып, сабақ алу арқылы бейбітшіліктің қадірін түсіну.

Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр салмағын айрықша сезінді. Соғысқа 1,2 миллионнан астам қазақстандық қатысты. Олардың жартысына жуығы майданнан оралмады. Қазақ халқы Ұлы Отан соғысына тек майдан шебінде ғана емес, тылда да зор үлес қосты.

Біз бүгінде бейбіт аспан астында өмір сүріп жатсақ, ол – майдан мен тылда жан аямай күрескен ата-бабаларымыздың арқасы. Олардың ерлігін ұмытпай, әрдайым қастерлеу – біздің парызымыз әрі ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.

Қадірлі ардагерлер!

Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіреміз! Сіздер мәңгілікке батылдықтың, төзімділіктің және жеңіске деген ерік-жігердің үлгісі болып қала бересіздер.

Баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір, амандық пен береке тілейміз! Ұлы Жеңіс рухы мәңгілік болсын!

Айқын ЕЛЕУСІЗОВ,

Қаражал қаласының әкімі

Зәмзагүл ОСПАНОВА,

Қалалық мәслихат төрағасы