Қазақстан — достық мекені

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы міне, осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та былтыр аталған ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.

1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Қазақстанды 130-дан аса ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Олардың барлығы дерлік еліміздің ашық аспаны мен көк туының астында бейбіт өмір кешіп жатыр. Кеңпейілді қазақ халқының дархан даласы жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін «Отаным» дейді. Мұндай мақтаныш сезімімен айтылған сөз жанымызды жадыратады.

30 сәуір күні орталық кітапханада Қазақстан Республикасын мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы және бірлігіне арналған «Қазақстан – достық мекені» тақырыбындағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. «Бейбітшілік – ел тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 50-ден астам әдебиеттер қойылды. Алғашқы құттықтау сөз кезегі кітапхана директоры Тлеухор Байшукеноваға берілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар 1 мамырда басқа елдерде тойланатын мерекенің тарихы туралы айтып берді. Ұлттар бірлігінің маңыздылығы айтылып, елдің өркендеуі үшін осы бірлік күнінің қандай ерекшелігі бар деген тақырыптар талқыланды. Дөңгелек үстелді тыңдап отырған қонақтар өз ойларын айтып, құттықтау тілектерін білдірді.

Мадина АЙТБЕКОВА,

 «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.