Мега-жоба мәреге жетті

Бір ай көлемінде апта сайын елді мәдени-сауық орталығына жинаған «Екі жұлдыз-2022» мега-жобасы өз мәресіне жетті. Көрермен залында «ине шаншар» орынның болмауы байқаудың маңыздылығын, көпшіліктің көңіліне жағымды екенін көрсетті

Жоба түйінінде сегіз жұптан төрт жұп ақтық кезеңге өтіп, жүлделі орындарды өзара бөлісті. I орын ең көп ұпай санымен №1 жалпы білім беретін мектептің намысын қорғаған Мейірман Серікбаев пен Қарлығаш Қалмағамбетоваға бұйырса, II орынды Қаражал қаласы әкімі аппараты мен Қаражал қалалық мәслихатының үміттерін арқалаған Мергенбай Сембек пен Мақпал Рахимова қанжығалады. Ал, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан шыққан Айжан Рақышева мен Аружан Бөкеш III орынға табан тіреді.

«Көрермендер көзайымы» номинациясы билеттер арқылы ең көп ұпай жинап, жұртшылық көңілінен шыға білген «Улыбка» балабақшасының намысын қорғаушылар Гауһартас Әбдірахман мен Торғын Бұқпатаеваға бұйырды.

Жеңімпаз жұп пен жүлдегерлер арнайы грамоталармен марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ