«Дыбыс! Жарық! Мотор! Көрерменнің көзайымына айналған «Екі жұлдыз» жобасына қош келдіңіздер!» деген құлаққа жағымды сөздерді естімегелі екі жылдың жүзі болыпты. Карантиннің кесірінен жылда өтетін жоба кешеуілдеп, сахнамызға қайта оралды. Жобаның мақсаты – ән айтуға қабілеті бар дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету.
Жоба шарты бойынша әр мекеме өз іштерінен өнерлі жұп таңдап, бәйгеге қосады. Байқау бес кезеңнен тұрады.Алғашқы кезең – «Патриоттық әндер сайысы», екінші – «Махаббат тақырыбындағы хит әндер», үшінші кезең – «Кино жанрынан алынған әндер», келесісі – «Басқа ұлт әндері». Соңғы кезең – Гала-концерт. Қатысушылар өнері бес адамнан құралған қазылар алқасының және залда отырған көрерменнің арнайы билет толтырып, сахнадағы жәшікке салуы арқылы берген дауыс санымен бағаланады. Қазылар алқасы мен көрермен дауысы 50/50 пайыз құқыққа ие. Бағдарламаның әр кезеңі сайын ең аз қолдауға ие болған бір жұп жобамен қош айтысады.
Биылғы жобаның критерийлері бойынша қатысушылар ән айтумен қатар, LED экранға өздерінің қатысуымен түсірілген бейнебаян шығарып, сахналық қойылым мен би билеулері керек. Осының бірі болмаған жағдайда қазылар ұпайларын кемітіп қоюға құқылы.
Биыл байқауға сегіз жұп қатысып отыр. Олар – қалалық Қазынашылық басқармасы мен Орталық аурухананың атынан Индира Макаева мен Лаура Шайхина, «ТОО Mining tehnology» мен «Өркен» өкілдігі «Өркен» Атасу кәсіпорынынан Жан Олжабаев пен Нұрхат Диханбай, №1 мектеп атынан Мейірман Серікбаев пен Қарлығаш Қалмағамбетова, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан Айжан Ракишева мен Аружан Бөкеш, «Улыбка» балабақшасының тәрбиешілері – Гауһартас Әбдірахман мен Торғын Бұқпатаева, №7 мектеп пен кәсіпкерлер палатасы атынан Меруерт Макажанова және Жанайым Отарбаева, қала әкімі аппараты мен қалалық мәслихат атынан Мақпал Рахимова мен Мергенбай Сембек, сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің атынан Айдын Аханов пен Алтынай Сыздықова бақ сынады.
Алғашқы екі кезең бойынша барлық ұпай есептеліп, екінші кезең соңында ең аз ұпай жинаған №7 мектеп пен кәсіпкерлер палатасының атынан қатысушы Меруерт Макажанова мен Жанайым Отарбаева жобамен қоштасты.
Бірінен бірі өткен дүлдүлдерді жинаған бұл жоба қаладағы ауқымды жобалардың бірі болып отыр. Күнделікті жұмыстарымен қатар дайындықты алып жүру, үлкен сахнаға жүрексіне шығудың өзі үлкен жеңіс екені сөзсіз.
Әр аптаның бейсенбісі күні сағат 17.00-де қалалық Мәдени-сауық орталығына келіп, ән додасын тамашалап, ұнаған жұпқа дауыс беріңіздер.
Р.S. «Екі жұлдыз — 2022» жобасының одан әрі өрбу сәттері жайлы ақпаратты газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ