Қазақстан — көпұлтты мемлекет

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, мұнда 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Солардың Отанына айналған біздің кең байтақ еліміз қашанда өзге ұлт өкілдерін құрметтеп, оларды бауырына басуға дайын. Қазақстанның халқы – көптеген ұлттардың бірлестігі. Әрбір ұлттың өз тарихы, тілі мәдениеті, тарихи отаны болады.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар», дейді біздің халық. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мелекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Қазақстанның көп ұлтты татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы.
Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін Мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Бұл елімізде қаптап кеткен түрлі бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді. Ең бастысы, біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық. Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстанда ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алады. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралар осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта алмаймыз.
Бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Ел ішінде қалыптасқан осындай жағдайдың арқасында, еліміз ұдайы даму үстінде. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат етіп отыр. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасалды. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз.

Азамат КӘДІРСІЗОВ,
Қаражал қаласы мәдени-сауық
орталығының директоры.