«Махамбет оқулары» байқауы өтті

Елінің еркіндігін көксеген бірегей тұлға, өр рухты ақын, дауылпаз күйші Махамбет Өтемісұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығын жастарға насихаттап, көркемсөз оқитын дарынды жастардың мәнерлеп оқу шеберліктерін дамыту мақсатында, сонымен қатар Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл мерейтойына орай өткен аптада №1 жалпы білім беретін мектебінде республикалық «Махамбет оқулары» атты қалалық жас өнерпаздар сайысы өтті.

Сондай-ақ, байқауға қатысуға келген жас ақындардың таланттары ұшталып, олардың бойларындағы патриоттық сезімдері, шығармашылық қабілеттері анық байқалып тұрды.
Сайыстың әділ бағасын беріп, қазылар алқасында Қаражал қаласының білім бөлімінің әдіскерлері Құралай Шамбулова мен Аяулым Қалиахмет, Өнер мектебінің мұғалімдері Ива Әбиева және Гүлзат Темірбекова төрелік етті.
Байқау ережесіне сәйкес бес номинация бойынша жалпы саны 12 оқушы қатысты. Жүлдегерлер саны әр номинацияға карай І, ІІ, ІІІ орындар бойынша іріктеліп, І орын иегерлері байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Айта кетсек, иллюстрациялық сурет салу номинациясы бойынша №7 жалпы білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Бақкелді Құттыбай, Махамбет шығармаларын жатқа оқу номинациясы бойынша №1 жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Аружан Арқабай, Махамбет күйлерін орындаушылар номинациясы бойынша №1 жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Айша Жақаева, жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу номинациясы бойынша №1 жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Айым Мамық, берілген тақырыпты қорғау номинациясы бойынша №6 жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Ақнұр Қыдырбай.
Ұйымдастырушылар мен ұстаздар қауымы оқушыларға алдағы өтетін облыстық кезеңге сәттілік тілей отыра, жеңіспен оралатынына кәміл сенетінін жеткізді.

Салтанат МЕРГЕНБЕКОВА,
№1 жалпы білім беретін
мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.