ЖАСТАРҒА ЖАРҚЫН ӨМІР СЫЙЛАУ ҮШІН

«Ulytau Zhastary» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 37 жас отбасына банк мақұлдау берген. Бұл келіп түскен өтініштің үштен бір бөлігі ғана. Сол себепті Берік Әбдіғалиұлы бағдарламаға қатысушылардың категориясын көбейтуді тапсырды.

Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Мұхан аппарат жиынында жеңілдетілген несие бағдарламасына қатысты қос мәселені атады. Оның бірі – қатысушылардың төлем қабілетінің төмендігі болса, екіншісі – «Отбасы банк» талабына сай бір ай мерзім ішінде мақұлданған сомаға пәтер табу оңай емес.

Атап айтар болсақ, бағдарлама басталғалы 98 өтінім қабылданған, оның 91-не банкке төлем қабілеттілігін анықтау үшін жолдама берілсе, жоғарыда аталғандай «Отбасы банк» АҚ тарапынан төлем қабілеттілігі анықталып 37 жас отбасы ғана жеңілдетілген несиеге ие болып отыр.

Айта кетейік, бағдарламаны 2026 жылға дейін жүргізу жоспарланған. Биыл жыл соңына дейін 40 жас отбасыға пәтер беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар, жиында биыл жазда 565 жастың «Жасыл ел» жастар ұйымында жұмыс істегені айтылды. Одан бөлек, Жезқазған қаласында алғаш рет тамыз айында «Эко сарбаздар» жобасы іске қосылып, маусымдық жұмысқа 150 жас тартылған.

Қоғамдық даму басқармасы басшысының баяндауынша, биыл кәсіпкерлерге арналған Ұлытау облысы әкімінің грантын жүзеге асыру үшін 100 млн.теңге бөлініп, қазір мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс конкурстық рәсімдері өтуде. Жобалардың басым бөлігі әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, азық-түлік және шағын-тұрмыстық өндіріс салаларында жүзеге асырылатын болады.