Наурыз айының 6 жұлдызы күні «Қаражал қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханасы» КММ ұжымының ұйымдастыруымен «Үздік ана» байқауы өтті. Байқау идеясы қазақи салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттау мақсатында туындаған еді.
Мақсат — ару аналарды күнделікті тұрмыс-тіршіліктен бір сәтке серпілтіп, өз мүмкіндіктерін жан-жақты сынап көруге шақыру, әдетте атқарып жүрген мамандығынан бөлек, қосымша ізденіп, ата-баба салты мен дәстүріне қызығушылығын арттыру болатын. Нәтиже күткендегіден де жоғары деңгейге шарықтап шықты.
Мұндағы сайыс салтымызға сай әдеппен өзін таныстыра отырып, қатысушылар бойындағы жасырын өнерін ортаға паш етумен басталды. Одан әрі ұлттық қолөнер шеберлігі, ұлттық тағам әзірлеуден бәсекеге түсіп, шара соңында ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптейтін сән байқауын көрсетті. Кітапхана оқырмандары арасынан іріктеп алынған қатысушылар дайындығы төрешілерді біраз сарсаңға салып, үздіктердің үздігі анықталды. Атап айтқанда, бас жүлдені «Ақсұңқар» балалар оқу орталығының жетекшісі Қарлығаш Байболсынқызы жеңіп алса, бірінші орынға Тау-кен техникалық колледжінің дене шындықтыру пәні мұғалімі Маржан Ғабдулла ие болды.
-Мен өзім спорт саласында жүргендіктен, нәзік жандылар байқауына додаға түсуге жүрексінгенімді жасырмаймын. Бірақ, дайындық үстінде осынша білім нәрімен сусындаған болсам, осы қарқынмен ізденіп өмір сүретін жандардың рухани байи түсері сөзсіз. Сол себепті де осындай сайыстар жиі болып тұрса, келер ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды қастерлей түсіп, ұлтжанды жастар өсіп шығарына кәміл сенемін,- дейді бірінші орын иегері Маржан Ғабдолла.
Әрине, наурыз – көктемнің басы, бар тіршіліктің жаңару айы деп есептесек, жаңашылдыққа құштар кітапхана ұжымы осындай ерекше іс-шараны өткізуді жаңару айына әдейі жоспарлағандай. Барлық қатысушылар бірауыздан осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деген тілектерін білдіріп, ерекше көңіл-күймен, риза болып тарқасты.
Балшырын Амантай