Қазыналы қаланың жылдан жылға өрге басып, өңіріміз өзгерген сайын халықтың көңілін өсіріп келеді. Өндіріс ошағына айналған аймағымыз дамудың жаңа кезеңіне бет бұрғаны әлбетте билік өкілдерінің жақсы жұмыс атқарып жатқанының айқын бейнесі. Құшақ ашқан тұрғын үйлер, бала мен бөбекке толы мектеп, балабақша, қатарға қосылған өндіріс, сондай-ақ, өңірімізде белең алған жұмыссыздық пен жемқорлықтың жойылғаны бүгінгі күннің көрікті көрінісі десек те артық емес.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында, әр деңгейдегі әкімдер жыл сайын, халықпен кездесіп, атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша есеп беру міндеті жүктелген еді. Осыған орай өткен аптада өңір басшысы Тілектес Досаев аймақ тұрғындарымен кездесіп, қаланың тыныс-тіршілігі мен атқарылған біршама жұмыс барысымен таныстырды, есеп берді. Есептік кездесуге қариялар қауымы, қарапайым тұрғындар, мемлекеттік бөлім басшылары мен кәсіпорын қызметкерлері, депутаттар, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда модератор міндеті «Қаражал қалалық жастар ресурс орталығы» КММ жас болса да білікті басшысы Мағжан Айтбекке жүктелді. Сондай-ақ, айта кетер жайт, есептік кездесу Қаражал қаласы әкімдігінің ресми инстаграм және ютуб қосымшалары арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Өзінің есептік баяндамасын атқарылған істер ауқымын еркін түрде екі тілде көсіле сөйлеп бастаған басшы, ең алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, меншікті бюджет кірістерінің өткен жылдарға қарағанда біршама өскені жайлы тілге тиек етті. Әлбетте, бұл қуантарлық жайт.
2021 жылы «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем Полиметаллы» инвестициялық жобасының іске асуы аймағымыздың экономика саласының дамуына күшті серпін бергені де айғақ. Ал, «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігі және «Karazhal Operating» ЖШС 2021 жылмен салыстырғанда 11 пайызға, яғни 2 есе өсіммен өз көрсеткіштерін сәтті орындағанын өңір басшысы мақтанышпен халыққа жеткізді.
Жұртшылықтың көңілінен шыққан, әлеуметтік саланың шырайын кіргізген жолдарды жөндеу жұмыстары өз алдына бір төбе дерлік. Әсіресе, биыл Жәйрем кенті, Ақтай елді мекені, Северный Ауыл және Ескі Қаражалдың жолдарына 90 пайыз асфальт салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, қаланың екі бас көшесінің қиылыстарына бағдаршам орнатылатынын айтты. Көшелерді жарықтандыру бойынша, 2022 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6 көшеге 66 дана бағаналар мен күннен қуат алатын шамдар орнатылса, биылғы жылы қаланың 11 көшесіне шам орнату жоспарда бар екенін мәлімдеді. Кәріз мәселесі бойынша биылғы жылы да аймақ бойынша жөндеу жұмыстары белең алатыны анықталды. Сондай-ақ, былтыр қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін 42 бақылау камерасы қойылды. Биылғы жылға 40 бақылау камерасын орнату жоспарда бар. Тұрғындардың тағы бір көз қуанышына айналған «Менің аулам» бағдарламасы, яғни тұрғын үйлердің ауласына спорт және ойын алаңының біразы орнатылды.
Аймақтағы жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан тағы бір мәселе – қаңғыбас ит пен мысықтар легі. Қала тұрғындарынан қаншама шағымдар да түсті. Алайда, шешімі табылмады. Сол мәселе бойынша биыл қалалық бюджет қаражаты есебінен аймағымызда жануарларды ұстауға арналған орындар және уақытша ұстау изоляторларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат қарастырылған екен.
Бүгінде қала орталығы ғана емес, қалаға қарасты елді мекендер де көркейіп, заман талабына сай жаңа қарқынмен даму үстінде. Яғни, Ақтай елді мекенінің №6 жалпы білім беретін мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін әкім Тілектес Досаев дөп басып айтты. Ауыл тұрғындары үшін өзекті болған ауызсу мәселесі де биыл толық шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, Жәйрем кентінің №10 ЖББМ жылыту қазандығы мен №30 ЖББМ жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы болашаққа жоспар да, атқарылатын іс те аз емес. Әсіресе «Горняк» стадионы, жабық жүзу бассейні және Тәуелсіздік көшесіндегі 12-ші тұрғын үйінің жөндеу жұмыстары биыл аяқталатынына сенімдіміз.
Қаражал қаласында жыл сайын «Жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға Қаражал қаласы әкімінің грантын табыстау» жобасы жүзеге асырылып отыр. 2022 жылы жобаны ұйымдастыру мақсатында 6 млн.тг. көлемінде қаржыландыруды «Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ арқылы өтіп отыр. Ал биылғы жылы жергілікті бюджеттен 10 млн.тг. қарастырылды. Өз кәсібінен нәсіп көргісі келетін жандарға керемет мүмкіндік екені сөзсіз.
Медицина саласына бөлінетін қаражат аз болмаса да, аймақ бойынша маман тапшы. Тіпті, жоқтың қасы десек те болар. Халықтың денсаулығы басты орында болуға тиіс. Емдеу мекемесіне жедел қызмет көрсетуге арналған реанимобиль автокөлігі биыл көктемде жеткізіледі.
Білім саласына келсек, жоғарыда атап өткен жөндеу жұмыстарымен қатар қаламыздың тау-кен техникалық колледжіне жылдар бойы айтылып, көптен күттірген спортзал салынбақ. Ал, «Балбөбек» балабақшасының кәріз мәселесі жақын арада шешілетінін де қала басшысы атап өтті. Одан бөлек мәдениет, спорт және республикалық деңгейде білімдерін айшықтап, аймақ атын көкке көтеріп жүрген оқушыларымыз да аз емес.
Аймағымыздың келбеті көз қуантарлықтай өзгеруде. Бұл бағыттағы істерді жүргізуге негізінен жұмыстан қысқартылған, жұмыссыз жүрген жандар жұмылдырылып, жұмыссыздық та жойылуға шақ қалды.
Баяндама барысында былтыр Жәйрем кенті өзінің елу жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткені жайлы айтылды. Мерейтойдың құрметіне 23 киіз үй құрылып, 4 мыңға жуық халық қатысып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жүлделі орындарға автокөлік, мотоцикл және ақшалай сыйлықтар табысталды. Енді биыл қазыналы қасиетті Қаражалымыздың 60 жылдық мерейтойы. Бұл мерейтойды да жазда жоғары деңгейде атап өту жоспарда бар екенін қала басшысы атап айтты.
Кездесу барысында арнайы орнатылған жәшік арқылы түскен және әлеуметтік желідегі тікелей эфирді пайдаланып қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан берілген сауалдар мен ұсыныстар назардан тыс қалмай, мұқият қарастырылып, шешімі табылып жатты. Қажетті жағдайда маңызды сұрақтар мен ұсыныстарға қатысты жауапты мекеме басшыларына жүктелді.
Кездесу соңында: — Аймағымыздың әрі қарай қарыштап дамуына, көркеюіне атсалысу әрқайсымыздың міндетіміз. Туған жерге, шырайлы өлкеге қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз, — деп өңір басшысы Тілектес Темірбекұлы сөзін әдемі аяқтады.
Кездесуге қатысқан қалың қауымның қала басшысына зор сенім артқаны және оның әр бастамасын үлкен ынтамен қолдауға әзір екені байқалып тұрды. Жиылған көпшілік әкім есебіне оң бағаларын беріп тарасты.
Халық пен билік арасындағы осындай ашық байланыстың қалыптасуына, жауапкершілікті арттыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аймақтағы мәселелерді шешуге үлкен ықпал тигізетіндігі сөзсіз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.