Қазыналы өлке 60 жылдық мерейтойының шымылдығын түрді

Биыл арқадағы қазыналы өңірдің бірі – Қаражал қаласына 60 жыл толып отыр. Сонау, 1963 жылдың 8 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Қаражал қаласын құру туралы» Жарлығы шыққан еді. Содан бері де міне, 60 белес артта қалыпты. Сайын даланың төскейінде алып өндіріс бой көтеріп, Қаражал қаласының іргесі қаланғанына да 60 жылдың жүзі болыпты…

Қойнауы қазынаға толы өңірден Менделеев кестесіндегі элементтердің сан түрі табылып, осынша уақыт бойы ел игілігіне жұмсалып келді. Кешегі кеңестік дәуірде атағы дүркіреп, өрлеудің шыңына жетті. Тоқырау жылдарындағы біраз ауыртпалықты бастан өткерді. Бірақ келешегін осы жермен байланыстырған, ертеңгі жарқын күнге сенім артқан халықтың сағы сынбады, қайраты қайтпады. Туған жерді түлетуге бар күшін салып, қажырлы еңбек етті. Сенім ақталды, қала қайта жаңғырды. Бүгінгі той – соның айғағы…

Қаражал қаласының 60 жылдық торқалы тойының шымылдығы аптаның басында айшықты шаралармен ашылды. Кеш қызығын тамашалауға жиналған жұртшылық әуелі Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған «Келешегі кемел – кенді өлке» атты кітаптың таныстырылымының куәсі болды.

Бұдан соң Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев «Келешегі кемел кенді өлке» атты кітаптың лентасын салтанатты түрде қиып, оның алғашқы даналарын қаланың Құрметті азаматтарына табыс етті.

(Кітаптың тұсаукесері жайлы мақаланың толық нұсқасын газетіміздің 8-бетінен оқи аласыздар).

Тарихтан там-тұмдап Қай өңірдің болмасын өзінің құрылу, қалыптасу кезеңі болатыны мәлім. Қаражал қаласының да өз тарихы бар. Ал, саралап қараған жанға ол тарих тым тереңде жатыр…

Бүгінгі жұрт Қаражал қаласының іргесі 1939-40 жылдарда темір-марганец кенін игеруге байланысты қаланғанын ғана білуі мүмкін. Әйтсе де, зерделей қараған жан оның бастауы жиырмасыншы ғасырдың оныншы жылдарынан жол тартарын байқар еді. Нақтырақ айтар болсақ, 1911 жылдың жазында А.Козырев деген гидрогеолог өңірді барлап жүргенде жер бетіне тақау орналасқан темір кенінің желісін аңғарады. Бірақ, кен көзін тереңірек барлау тек 1931 жылы ғана қолға алынады. Онымен И.Николаев басқарған Омскінің геологиялық-барлау партиясы айналысады. Олар «Бестөбе» деген жерге бұрғы салып, кен қорын анықтаған. Кейін осы «Бестөбеде» қазіргі Қаражал қаласының іргесі қаланды.

Әрине, ол кезде ол бар жоғы жұмысшы поселкесі ғана еді. 1939-1940 жылдарда кен рудасын игеруге байланысты жұмыстар қызу қолға алынды. 1942 жылдан бастап Қаражалда Атасу геологиялық барлау экспедициясы құрылды. 1956 жылы Қарағандыға Атасу кені тиелген алғашқы эшелон жөнелтілді.

1950 жылдан бастап Қаражал кент атанды. Орталықта әлеуметтік маңызы бар нысандар көптеп салынды. Мектеп, аурухана, балалар бақшасы, мәдениет ошақтары сол кездегі сәулет өнерінің үлгілерімен салынып, пайдалануға берілді. Кентке сол кездегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жұмысшылар көптеп келе бастады. Кентте тұрғын үй құрылысы да қарқындалды. Сөйтіп, 1963 жылы Қаражалға қала статусы берілді…

Ақжарма тілек

Міне, осындай терең тарихы бар қазыналы өңірдің 60 жылдығы биыл бар сән-салтанатымен өтпек. Ал, оның шымылдығы қала орталығындағы Мәдениет үйінде айшықты шаралармен басталды.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, салтанат шымылдығы өлке тарихына арналған 3Д кітаптың таныстырылымымен ашылды. Тұсаукесу рәсімінің соңы «Кенді өлкем – Қаражалым» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Ол аймақтың белді ақыны, сазгер Әбдірәсіл Рахымның «Қаражал вальсі» әнімен басталды. Бүгінде бұл ән қаланың гимніне айналған.

Мерейтойға арналған айшықты шара одан әрі қала әкімі Темірбек Досаевтың құттықтауы мен марапаттауына ұласты. – 60 жыл тарих үшін қас қағым уақыт болғанымен, қала дамуы үшін маңызды кезең. Шөл далада қаланың бой көтеруіне еселі үлес қосқан азаматтардың еңбегі еш кетпеді. Осы жылдар ішінде Қаражал қаласы республиканың маңызды тау-кен орталығына айналып, үлкен жетістіктерге жетті.

Бүгінде қаламыз Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл жерлестеріміздің қажымас қайраты мен еңбегінің айқын дәлелі деп білемін. Осы орайда, қаланың іргетасын қалаушы ардагерлер мен «Құрметті азамат» иегерлеріне, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ат салысқан барша азаматтарға алғыс білдіргім келеді.

Ендігі баршамызға ортақ міндет – осы жетістіктерді сақтап, әрі қарай дамыту, қаламызды қызықты жобалар мен инновациялар үшін тартымды ету. Біздің аймақ пайдалы қазбаларға бай өңір. Қаланың болашағы зор, – деді Тілектес Темірбекұлы өз сөзінде.

Марапаттау рәсімі

Жерлестерін қаланың 60 жылдық мерейтойымен құттықтаған соң шаһар басшысы бір топ қаражалдықтарды марапаттап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен марапатталған Рашид Артықбаевқа, Қаражал қалалық мәслихаты мен Қаражал қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 15 қазандағы бірлескен шешімі бойынша берілген «Қаражал қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісі Айман Оспанбековаға салтанатты түрде табысталды.

Сондай-ақ, «Еңбек жолы» Республикалық конкурсының «Ең үздік еңбек әулеті» аталымында 3 орынға ие болған Бекмағамбетовтар әулеті қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Келесі кезекте Қаражал қаласының 60 жылдығына орай ұйымдастырылған қала әкімінің кубогын сарапқа салған шағын футболдан қалалық турнир жеңімпаздары марапатталды. Онда 4 орын алған Жәйрем командасына, 3 орын алған «Құтқарушылар» командасына, 2 орын алған «Қаражал сұңқар» командасына арнайы кубок, диплом, сертификат табыс етілді. Ал, қала әкімінің бас кубогін 1 орын алған «Қаражал болашақ» командасы жеңіп алды.

Түйін

Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойының шымылдығын ашуға арналған салтанатты шара кенді өлкемен еншілес жатқан Жәйрем кентінен келген өнерпаздардың той шашуымен түйінделді.

Орайы келгенде айта кетейік, Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы биыл жыл бойы жалғасатын болады. Осы мақсатта қала әкімінің өкімімен арнайы ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шаралар жоспары талқылануда. Бұл салтанатты жиын мерейтойдың шымылдығы. Жыл бойы қала күні аясында мәдени-спорттық, көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы халықпен мерейтойды атап өту қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ