28.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТЖастар белсенділігі – қоғам дамуының кепілі28.11.2026
Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын! Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл
Ақпарат ағыны · Қоғам

Жастар белсенділігі – қоғам дамуының кепілі

28.11.2026 · 00:02 · admin

Қаражал қаласында жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, тың бастамаларына қолдау көрсету және қоғамдағы рөлін айқындау мақсатында «Жастардың бүгіні мен ертеңі» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Маңызды басқосу жас буынның жетістіктерін дәріптеп, олардың әлеуетін дамытуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдық жауапкершілігін нығайтуға бағытталды.

Бүгінде жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел болашағының берік іргетасы. Қай саланың болмасын дамуы, жаңғыруы мен өркендеуі өскелең ұрпақтың білім-білігіне, белсенділігіне және бастамашылдығына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың басын қосып, олардың ой-пікірін тыңдауға, жетістіктерін бағалауға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға арналған мұндай форумдардың маңызы зор.

Форумның басты мақсаты – жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал ету, еріктілік қозғалысын дамыту, әлеуметтік бастамаларды қолдау және жас азаматтардың ел алдындағы жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар, іс-шара жастар мен мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік берді.

Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзі Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Сағындыққа берілді. Ол өз сөзінде жастардың қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталып, белсенді, білімді, отаншыл және бастамашыл жас буын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға атсалысып, қаланың әлеуметтік өміріне үлес қосып жүрген жастарға алғысын білдірді.

Форумға арнайы қонақтар ретінде Қаражал қаласыны полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Қасымхан Нұрмағамбетов және «Отбасы институтын қолдау орталығы» КММ халықпен жұмыс жөніндегі маманы Асқар Молдабаев қатысты.

Кездесу барысында жастар тәрбиесі, құқықтық мәдениет, қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Әсіресе, форумның «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өтуі жас буын үшін маңызды тәрбиелік мәнге ие болды. Себебі, заңды құрметтеу, өз құқығы мен міндетін білу, қоғамдық тәртіпті сақтау – өркениетті қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Құқықтық сауатты жас өз құқығын қорғай білумен қатар, өзгенің құқығына да құрметпен қарайды. Ал мұндай ұстаным қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Форумның ерекше сәттерінің бірі – қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, өз бастамаларымен өзгелерге үлгі болып жүрген жастарды марапаттау рәсімі болды.

Атап айтқанда, түрлі қоғамдық шараларға белсене қатысып, еріктілік қызметте жауапкершілік пен жанашырлық танытып жүрген Диляра Азаматқызы мен Айша Жасұланқызы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Олардың еңбегі мен қоғамдық іске қосқан үлесі ерекше аталып, алғыс білдірілді.

Еріктілік – жай ғана бос уақытты тиімді өткізу емес, бұл – айналаңа жанашырлық таныту, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және игі іске өз үлесіңді қосу. Осындай жастардың еңбегін бағалау – олардың жігерін жанып, өзге қатарластарына да жақсы үлгі көрсетудің тиімді жолы. «Үздік белсенді» номинациясы арқылы жастардың бастамашылдығы мен еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.

Жастар белсенділігі – қоғам дамуының кепілі

Сонымен қатар, форум аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маусымдық жұмысының қорытындысы шығарылып, жабылу салтанаты өткізілді. «Жасыл ел» бағдарламасы – жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың бойында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды қоғамдық жоба. Бағдарлама аясында жастар қаланың тазалығын сақтауға, абаттандыру жұмыстарына атсалысуға, жасыл желектерді күтіп-баптауға және туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік алады.

Бұл бастама жас буынның еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, ұжыммен жұмыс істеу, жауапкершілік алу, ортақ іске атсалысу секілді маңызды қасиеттерін дамытады. Сонымен бірге, жастардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғаудың әр азаматтың міндеті екенін ұғындырады.

Маусымдық жұмыстың қорытындысын шығару – атқарылған еңбекті бағалап қана қоймай, алдағы уақытта жүзеге асырылатын игі бастамаларға серпін беретін маңызды кезең. Жастардың жазғы еңбек маусымында жинаған тәжірибесі олардың тұлғалық қалыптасуына да оң ықпал етеді.

Басқосу барысында қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқық және жастар» тақырыбында танымдық викторина да ұйымдастырылды.

Викторина барысында жастар заңнама, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық тәртіп, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау бағытындағы білімдерін сынады. Танымдық сайыс қатысушылардың құқықтық білімін тексеріп қана қоймай, өзара пікір алмасуына, жаңа ақпарат алуына және құқықтық мәселелерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Мұндай зияткерлік шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда ерекше рөл атқарады. Өйткені, заңды білу – әр азаматтың өзінен басталатын жауапкершілік. Өз құқығы мен міндетін жетік меңгерген жас қоғамда саналы шешім қабылдап, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға қабілетті болады.

Жалпы, «Жастардың бүгіні мен ертеңі» форумы мазмұнды кездесулермен, тағылымды әңгімелермен және марапаттау рәсімдерімен ерекшеленді. Іс-шара барысында жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі, еріктілік қызметтің маңызы, еңбекке араласуы, құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі кеңінен қамтылды. Жастарға жағдай жасау, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Себебі, жастардың бүгінгі белсенділігі – ертеңгі қоғамның даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.

Қаражалда өткен бұл форум жас буынның күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, олардың қоғамға пайдалы іспен айналысуына, өз қабілетін танытуына және жаңа бастамаларға қадам басуына ықпал етті.

Жастардың бүгіні – елдің ертеңі. Сондықтан, әрбір жасқа қолдау көрсету, оның әлеуетін ашуға мүмкіндік беру және бастамасына жол ашу – болашаққа салынған инвестиция. Белсенді, білімді, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары жастар көбейген сайын қаланың да, тұтас еліміздің де келешегі кемел болмақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ