Жастарды есірткіден қорғау – басты міндет

Қазіргі қоғамда жас ұрпақтың денсаулығын сақтау, қауіпсіз орта қалыптастыру және жастардың өмірлік құндылықтарын нығайту – маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде есірткіге қарсы күрес, оның алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар ерекше маңызға ие.
Есірткі – адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына, әлеуметтік өміріне және болашағына кері әсерін тигізетін қауіпті құбылыс. Сондықтан, жастарды зиянды әдеттерден қорғау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, педагогтердің, қоғамның және жастар ұйымдарының ортақ жауапкершілігі болып табылады.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдануға, шығармашылыққа, қоғамдық жұмыстарға және өзін-өзі дамытуға тарту – алдын алу жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі. Өйткені, жасөспірімнің бойында сенімді орта, дұрыс тәрбие, өмірлік мақсат пен қызығушылық қалыптасқан кезде, ол өз болашағына жауапкершілікпен қарай бастайды. Қаражал қаласында да жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Кездесулер, түсіндіру жұмыстары, ақпараттық акциялар мен танымдық шаралар арқылы жастарға есірткінің зияны, заң алдындағы жауапкершілік және дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы түсіндіріледі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізілетін мұндай жұмыстардың басты мақсаты – жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, өз өміріне құрметпен қарауға үйрету және қауіпсіз қоғам құруға үлес қосу.
Әрбір жас – еліміздің ертеңі. Олардың арманы, таланты, жігері мен әлеуеті қоғамның дамуына негіз болады. Сондықтан, жастарға қолдау көрсету, оларды қауіпті әрекеттерден қорғау, сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету және дұрыс бағыт-бағдар беру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Есірткісіз өмір – еркін таңдау, жарқын болашақтың кепілі. Жастарды қорғау – болашақты қорғау. Ал болашаққа бейжай қарамау – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Роза САУҒАНБАЕВА,
№ 1 Тірек мектебі (ресурстық орталық) директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
