Тұзды шахта – тыныс алу саулығы

Қазіргі таңда қоғамда денсаулыққа көңіл бөліп, ағзаны шынықтыру және демалысты пайдалы өткізуге деген сұраныс күн санап артып келеді. Осы игі бастаманы Қаражал қаласында жүзеге асырып отырған кәсіпкерлердің бірі – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қала тұрғындарына жайлы орта сыйлап жүрген білікті маман Айсұлу Киштаева.
Бүгінде ол басқарып отырған «Қалалық монша» кешені қала тұрғындары үшін тек жуынып-шайынатын орын ғана емес, денсаулықты қалпына келтіріп, рухани тынығатын сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Соның ішіндегі ерекше қызмет түрлерінің бірі – тұзды шахта (галотерапия) болып табылады.
Кез келген жақсы істің артында үлкен ниет пен өмірлік қажеттілік тұратыны белгілі. Айсұлу Қайыркенқызының бұл тұзды шахтаны ашуына өз балаларының денсаулығы мен тыныс алуын жақсартуға деген шынайы аналық қамқорлығы түрткі болыпты. Қалада балаларды апарып шынықтыратын, тыныс жолдарын тазартатын осындай арнайы орындардың жоқтығынан ол кісіге әр жолы Қарағанды қаласына қатынауға тура келген. Әр сапардың жолы мен уақытын ескеріп, «Басқа қалаға сабылмай, өз қаламызда да тұрғындарға осындай пайдалы дүние неге жасамасқа?» деген мақсатпен кәсіпкер бұл жобаны өз қаласында қолға алады. Нәтижесінде бүгінде Қаражалдың өзге де ата-аналары мен балалары алысқа сабылмай, өз қаласынан-ақ бұл емдік шараны қабылдауға мүмкіндік алып отыр.
Тұзды шахта дегеніміз – емдік қасиеті бар арнайы микроклимат қалыптастырылған бөлме. Мұнда тұздың ұсақ бөлшектерін ауаға біркелкі таратып тұратын арнайы галогенератор орнатылған. Процедура барысында келушілер тұзды аэрозольмен байытылған таза ауамен тыныс алады. Бұл табиғи әдістің ағзаға тигізетін пайдасы өте зор. Атап айтқанда, құрғақ тұзды аэрозоль тыныс жолдарына әсер етіп, ондағы қою бөліндінің сұйылуына және сыртқа шығуына ықпал етеді. Сондай-ақ, мұрын қуысының табиғи жолмен тазаруына көмектесіп, маусымдық тұмау немесе аллергия кезіндегі тыныс алу жолдарының кедергілерін жеңілдетеді. Мұнда болу арқылы адамдар мұрынның бітелуін басып, тыныс алуды еркін сезінеді, ал жайлы микроклимат пен тыныш атмосфера күнделікті күйзелістен арылып, толықтай демалуға мүмкіндік береді. Дегенмен, тұзды шахта – тыныс алу жүйесіне қатысты кейбір созылмалы мәселелер кезінде қолданылатын қосымша сауықтыру процедурасы екенін және ол дәрігер тағайындаған емді алмастырмайтынын ескерген жөн.

«Қалалық моншадағы» бұл қызмет ересектерге ғана емес, ең алдымен балалардың денсаулығына да аса қолайлы етіп ұйымдастырылған. Балалар ата-аналарымен бірге келіп, сауығу сеанстарын қабылдай алады, ал олардың жас ерекшелігіне сай сеанс уақыты қысқартылып жасалады. Қазіргі таңда бұл қызметтің бағасы да барлық тұрғындарға қолжетімді. Процедура барысында балалардың тыныш отыруына, еркін тыныстауына және жағымды ортада уақыт өткізуіне толықтай жағдай жасалған. Бұл – отбасымен бірге пайдалы демалыс өткізуге немесе моншаға барғаннан кейін тынығып алуға тамаша мүмкіндік.
Қала тұрғындарына осындай сапалы қызмет түрін ұсынып отырған Айсұлу Киштаеваның өмір жолы – еңбекқорлық пен кәсібиліктің нақты үлгісі. Ол өз білімін «Болашақ» колледжінде «Сараптаушы бағалаушы» мамандығы бойынша және «Болашақ» университетінде «Экономист» мамандығы бойынша жоғары білім алу арқылы шыңдаған. Алғашқы еңбек жолын 2010–2013 жылдары әкімдікте ішкі саясат бөлімінің әдіскері ретінде бастап, 2013–2016 жылдары Халыққа қызмет көрсету маманы ретінде халықпен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтаған. Ал 2016 жылдан қазіргі кезге дейін сәтті түрде жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Экономикалық саладағы білімі мен мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесін ұштастыра білген Айсұлу Қайыркенқызы өз қаласының игілігі үшін осындай әлеуметтік маңызы бар бастаманы жүзеге асырып отыр.
«Қалалық монша» – денеңізге тазалық, тынысыңызға жайлылық, көңіліңізге тыныштық сыйлайтын мекен. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт демалып, өзіңізге және отбасыңыздың денсаулығына уақыт бөлу – өз-өзіңізге жасалған үлкен қамқорлық. Аналық қамқорлық пен кәсіби ізденістен туындаған бұл тұзды шахта – бүгінде Қаражал қаласының тұрғындары үшін денсаулық пен сапалы демалыстың ордасына айналып отыр.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
