28.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТЖастар белсенділігі – қоғам дамуының кепілі28.11.2026
Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын! Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл
Ақпарат ағыны · Президент Жолдауы

Жолдар мен коммуналдық желілер: Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтар

27.11.2026 · 23:59 · admin

28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жол саласының қызметкерлері үшін Жолдауда күнделікті өмірде әрбір тұрғынға тікелей қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының жай-күйі, инженерлік желілердің сенімділігі, халықты сапалы ауызсумен және газбен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу міндетін қойды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу көзделген. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қомақты қаражат бағытталады. Елді мекендерге газ тарту және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы автомобиль жолдарының сапасына да ерекше тоқталды. Ол битум мен қиыршықтастың сапасына сілтеме жасау жұмыстағы кемшіліктерді ақтауға негіз бола алмайтынын нақты атап өтті. Халыққа алғашқы қыстан кейін-ақ бұзылып қалмайтын, шын мәнінде сапалы жолдар қажет.

Біз үшін бұл жобалық құжаттаманы әзірлеу мен құрылыс материалдарын таңдаудан бастап, техникалық қадағалау, зертханалық бақылау және орындалған жұмыстарды қабылдауға дейінгі барлық кезеңдерде талаптарды күшейтуді білдіреді.

2027 жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл ретте орындалатын жұмыстардың сапасына, құрылыс нормалары мен техникалық талаптардың сақталуына, сондай-ақ, мердігер ұйымдардың шарттық міндеттемелерді орындауына ерекше назар аударылады. Жаңартылған жол жабыны көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайды деп сенеміз.

Президент Жолдауында белгіленген тағы бір маңызды міндет – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тиімділігін арттыру, елді мекендердің тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Қаражал қаласы үшін өзекті мәселелердің бірі – электр желілерінің жай-күйі. Бүгінгі таңда Қаражал қаласының электр желілерінің тозу деңгейі 71 пайызды құрайды. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында 2027 жылы электр желілерін қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр. Құжаттама әзірленіп, қажетті келісу рәсімдерінен өткеннен кейін жобаны іске асыру тәртібі айқындалатын болады. Бұл электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, апаттық ажыратулар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары осы салада қызмет атқаратын әрбір маманнан жүйелі жұмысты және жеке жауапкершілікті талап етеді. Біз жолдарды жөндеуге және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған әрбір теңгенің нақты нәтижеге жұмыс істеуін қамтамасыз етуге күш саламыз. Бұл – қауіпсіз жолдар, тұрақты жылу, су және электрмен жабдықтау, сондай-ақ, тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта қалыптастыру.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер өңірлік инфрақұрылымды дамытуда жүйелі әрі дәйекті тәсілді талап етеді. Сондықтан, Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол саласындағы жұмыстар тек ағымдағы мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар, халықтың жайлы өмір сүруіне арналған ұзақ мерзімді негіз қалыптастыруға бағытталған.

Жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде іске асыру аумақтың одан әрі дамуын қамтамасыз етуге, қалалық ортаның сапасын арттыруға және Мемлекет басшысы айқындаған жалпыұлттық міндеттерді орындауға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Жанар ИЛЬЯСОВА,
«Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы.