Тұрақты жылу, таза аумақ және нақты міндеттер

Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымовтың төрағалығымен бюджеттік мекемелер басшыларының қатысуымен кезекті аппараттық жиын өтті.
Жиын барысында кенттің әлеуметтік және коммуналдық салаға қатысты өзекті мәселелер қаралып, жауапты мекемелердің атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары талқыланды. Күн тәртібіне жылу беру маусымының өту барысы, коммуналдық қызметтер бойынша қалыптасқан берешектерді өндіріп алу жұмыстары, кент аумағындағы санитарлық жағдай, сондай-ақ, мәдени-көпшілік және қоғамдық маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері енгізілді.
Алдымен жауапты сала басшылары қысқы маусымдағы жағдай туралы баяндама жасап, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Жылу беру жүйелерінің жұмыс режимі, инженерлік желілердің жағдайы және туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу шаралары қарастырылды. Бұл ретте тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуі басты назарда екені атап өтілді.
Коммуналдық қызметтер бойынша қалыптасқан берешектер мәселесі де жан-жақты қаралды. Жауапты мекемелер тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, төлем тәртібін нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігі талқыланды. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және берешектердің өсуіне жол бермеу жөнінде нақты міндеттер белгіленді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе кенттің санитарлық жағдайына арналды. Аумақтарды күтіп ұстау, қоғамдық орындардың тазалығы, қоқыстарды уақытылы шығару және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Мекеме басшыларына бекітілген аумақтарда тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстарын жалғастырып, бұл бағыттағы жұмысты тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Жиында алдағы кезеңде өткізілетін мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараларға дайындық мәселелері де қаралды. Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, тұрғындардың белсенді қатысуына жағдай жасау және дайындық жұмыстарының сапалы жүргізілуі назарға алынды.
Аппараттық жиын барысында Қайрат Жансағымов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңыздылығына арнайы тоқталды. Кенттің тазалығы мен көркеюі тек арнайы қызметтердің ғана емес, барлық мекеме мен тұрғындардың ортақ міндеті екенін атап өткен кент әкімі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызын айтты.
Осыған байланысты ұйымдар мен мекемелерге өздеріне бекітілген аумақтарда санитарлық жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру, абаттандыру шараларына белсенді қатысу және аумақтардың күтіп-ұсталуына тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жәйрем кенті әкімдігі аппаратының қызметкерлері 2-орамдағы № 2 және № 8 тұрғын үйлердің артқы бөлігінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Акция барысында аумақтағы тұрмыстық қалдықтар мен кездейсоқ шашылған қоқыстар жиналып, аумақ ретке келтірілді.
Жиын қорытындысында кент әкімі көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауды жауапты тұлғаларға жүктеді. Сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін коммуналдық, санитарлық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша жұмысты үйлестірілген түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Көтерілген мәселелердің уақытылы шешілуі мен қабылданған тапсырмалардың сапалы орындалуы алдағы кезеңдегі жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болмақ.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
