Ұстазға қолдау – білім сапасына жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру саласына қатысты көтерілген мәселелер қазіргі мектеп жүйесі үшін аса маңызды деп санаймын. Әсіресе, педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту, мұғалімнің кәсіби беделін қорғау, инклюзивті білім беруді дамыту және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі тапсырмалар саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Президенттің мұғалімнің негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу екендігіне ерекше тоқталуы өте орынды. Бүгінде педагогтің уақыты мен күшін артық есептілікке емес, оқушының білімін жетілдіруге, оның қабілетін ашуға және жеке тұлға ретінде қалыптасуына жұмсау қажет. Цифрлық платформалар мен түрлі есептілік жүйелері ұстаздың жұмысын жеңілдетудің орнына қосымша міндеттерге айналмауы тиіс. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу білім сапасына тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар, мұғалімнің мәртебесі мен кәсіби абыройын қорғау – білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі. Мектептегі қарым-қатынас өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделуі керек. Оқушы, ата-ана, педагог және мектеп әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық нығайған кезде ғана білім беру мен тәрбие үдерісі нәтижелі болады. Ұстазға құрмет – білімге, болашаққа және қоғамның дамуына құрмет.
Жолдауда инклюзивті білім беруді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, қажетті инфрақұрылымды дамыту, оларды ерте анықтау және тиісті мамандармен қамтамасыз ету – маңызды бағыттардың бірі. Әр баланың қабілеті мен қажеттілігіне қарай қолдау көрсету оның қоғамға бейімделуіне, әлеуетін толық ашуына мүмкіндік береді. Бұл – білім беру жүйесінің адамға бағдарланған сипатын айқындайтын маңызды қадам.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, заманауи талаптарға сай мектеп инфрақұрылымын қалыптастыру да оқушылардың сапалы білім алуына негіз болады. Қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасы, қажетті оқу құралдары мен технологиялардың қолжетімділігі оқыту нәтижелерін арттыруға ықпал етеді.
Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің білім беру саласында да Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға ерекше мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, әр баланың білім алу құқығы мен мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдарының күнделікті қызметінің негізгі өзегі болып қала береді.
Президенттің Жолдауында айтылған бастамалар білім саласының дамуына жаңа бағдар беріп, ұстаз еңбегінің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Білімді ұрпақ қалыптастыру – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы міндетті жауапкершілікпен атқарып, білім сапасын арттыру жолында жүйелі жұмыс жүргізу арқылы еліміздің болашағына өз үлесімізді қоса аламыз.
Гүлбану РАЙСОВА,
Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы.