Нақты шешімін тапқан кездесу

Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымовтың 2026 жылдың он айында атқарылған жұмыстары туралы есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, кент тұрғындары, ардагерлер, ақсақалдар алқасының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді азаматтар қатысып, жиын ашық диалог алаңына айналды.
Есеп беру барысында тұрғындар тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газдандыру, абаттандыру, жол жөндеу, спорт инфрақұрылымы, интернет сапасы және санитарлық тазалық мәселелері көтерілді. Кент әкімі мен жауапты мекеме өкілдері әр сауалға нақты жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты түсініктеме берді.
Жәйрем кентін газдандыру, кәріз желілерін жаңғырту, интернет сапасын арттыру, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және тұрғын үй қорын жөндеуге қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы тұрғындардың ерекше қызығушылығын туғызды. Бұл бағыттардағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқаны айтылып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда екені атап өтілді.
Спорт саласына қатысты көтерілген мәселелердің қатарында жастар мен спортшыларды жарыстарға тасымалдауға арналған көлік мәселесі де болды. Қала басшылығы аталған мәселенің жыл соңына дейін шешімін табатынына сенім білдірді. Бұл жаңалық спорт қауымдастығы тарапынан оң қабылданды.
Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша түсініктеме беріліп, мердігерге қатысты рәсімдер аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатыны жеткізілді.
Кездесу барысында тазалық пен абаттандыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Тұрғындар елді мекеннің тазалығын сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы рейдтік және түсіндіру жұмыстарының жалғасатыны хабарланды.
Ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Шамбулов Жәйрем кентінің алдағы 55 жылдық мерейтойына орай «55 жылға – 55 игі іс» бағдарламасын қабылдау жөнінде ұсыныс білдірді. Ұсыныс кездесуге қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Кездесудің ерекшелігі тұрғындардың тек мәселелер көтерумен шектелмей, соңғы жылдары жүзеге асқан оң өзгерістер үшін ризашылықтарын білдіруі болды. Бұрын мұндай жиындарда негізінен шешімін күткен түйткілдер айтылса, бұл жолы кенттің дамуына бағытталған жобалар, жөнделген тұрғын үйлер, жаңартылған инфрақұрылым нысандары және қолға алынған бастамалар туралы оң пікірлер көбірек айтылды.
Тұрғындар әкімдік пен жауапты мекемелердің халықпен кері байланысы күшейгенін, көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын және көптеген сұрақтардың нақты шешімін тауып жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы өзара сенімнің арта түскенін көрсетті.
Жалпы алғанда, кездесу сындарлы әрі іскерлік ахуалда өтті. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көріп отырғандарын айтып, кенттің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Жәйрем кенті әкімінің есебіне қатысушылар тарапынан оң баға берілді.
Жәйремнің дамуы бір күнде келген нәтиже емес. Бұл — билік пен халықтың бірлескен жұмысының жемісі. Ал осындай ашық кездесулер тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін нақты шешімдерге айналдыратын маңызды қоғамдық диалог алаңы болып қала береді.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жәйреміміз көркейіп, халық қолайлы жағдайда, бақытты, шаттықты өмір сүрсін!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.