Киік тағдыры – ерекше назарда

Ұлы даланың сәні әрі табиғаттың нәзік тіршілік иесі – киіктің тағдыры қай кезде де ерекше назарды қажет етеді. Қаражал өңірінде былтыр басталған игі іс биыл да жалғасын тауып, жауапты тараптар көші-қон кезеңіне ертерек әрі нақты жоспармен кірісті.
Былтыр осы мезгілде Қаражал қаласының әкімдігінде жақын маңдағы ауыл әкімдері, мекеме басшылары және киіктің жайына бейжай қарамайтын азаматтар бас қосып, дабыл қаққан еді. Сол бірлескен әрекет пен дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде өткен жылы айтарлықтай ілгерілеушілік болып, бұрынғы жылдардағыдай жануарлардың қырылуына жол берілмеді. Биыл да сол тәжірибеге сүйене отырып, қалалық әкімдікте арнайы жиын өтті.
Кездесудің басты өзегі – Ұлытау облысының тапсырмасына сәйкес киіктердің көші-қон бағыттарын реттеу және олардың теміржол өткелдерінен кедергісіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов төрағалық еткен жиынға Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Думан Букирбаев, Жаңаарқа ауданының ауылдық округтері мен кент әкімдері, сондай-ақ, теміржол саласының өкілдері қатысты.
Басқосуға Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Закария Тұралиев арнайы келіп, сөз сөйледі. Сонымен қатар, қала прокуроры Жігер Малтиков, полиция бөлімінің басшысы Еркебұлан Байзақов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров қатысып, ортақ іске қолдау білдірді.
Кездесу барысында қатысушылар киіктердің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, қажетті көмек көрсетуге бірауыздан дайын екендіктерін жеткізді. Талқылаудың өзегінде киіктердің көші-қон бағыттарын айқындау, олардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал қауіптердің алдын алу мәселелері тұрды.
Кеңес қорытындысы бойынша нақты шаралар белгіленді: киіктердің көші-қон кезеңін қатаң бақылауға алу, жергілікті атқарушы органдар, инспекция, құқық қорғау органдары және теміржол қызметтерінің өзара іс-қимылын күшейту, жануарлардың, әсіресе, теміржол өткелдері маңындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үйлесімді жұмыс жүргізу. Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, уақытылы үйлесімділік пен бейжай қарамайтын азаматтардың ортақ күші дала еркесі – киіктерді сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.
Өз тілшімізден.