Көрші ақысы – тəңір ақысы

Ислам діні – кемелдік діні. Асыл дінімізде мұсылманның досының алдындағы ақысы, ерлізайыптылардың ақысы, туған-туыстардың ақысы, тіпті көршілердің ақысына дейін жіті мән беріліп, әрбірінің міндеттері бекітілген. Тоқталатын осы тақырыбымыз көрші ақысы жайлы болмақ.

Дінін бәрінен жоғары қойған дана қазақ халқымыз: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деп көршісін туыстарынан да жақын тартып, көрші ақысынବ қатты мән берген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» деген. Аятта көрші ақысының маңызды екенін, көршімен жақын қарым-қатынас жасау қажет екені ашық айтылған. Тіпті кейбір хадистерде: «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» деп қатаң риуаят етіледі. Осындай қатаң ескертілген аят хадистерден Исламда көрші ақысының қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін аңғарамыз.

Өмірімізде белгілі бір қуанышты жағдай болса да, қайғылы жағдай бола қалса да туыстарымыздан бұрын осы көршімізбен бөлісеміз, қолдау аламыз. Көпшіліктің күшін талап ететін жұмысшаруа болса да жақындарыңнан бұрын келіп көмектесетін осы көршіміз. Ағайыннан да жақын осындай түсінігі мол көршілеріміздің болуы да – үлкен нығмет. Ата-бабаларымыз да осыны терең ұғып: «Итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса – тынысың» деп даналықпен мақал айтқан. Осындай көршілерімізді сыйлап, ауызбіршілікте өмір сүру – әр мұсылманның міндеті. Ауырғанда хәлін сұрай барып, шаруаларына көмектесіп, көрші жоқта мал-жанына бас-көз болып, азын-аулақ ас-ауқатымызбен бөлісіп, көршіміздің көңілін аулай білсек Пайғамбарымыздың (С.Ғ.С.) сүннетін орындаған боламыз. Әрі үлкен сауапқа кенеліп, Алланың алдында дәрежеміз жоғары болары сөзсіз. Алла тағала баршамызға жақсы көршілер нәсіп етсін, жақсы көршілерімізбен тату-тәтті ғұмыр кешіп, қияметте мұсылман үмбетіне үлгі болар шынайы мұсылман құлдардан болуымызды нәсіп етсін!

Талғат СОВЕТОВ,

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы.